10 айда еліміздегі үшінші мегаполистің экономикасы 12 процентке өскен. Бұл республикадағы ең үздік көрсеткіш. Шырайлы шаһарға тартылған инвестиция көлемі мен ашылған жаңа жұмыс орындарының саны жағынан да ауыз толтырып айтарлық жаңалық аз емес. Шаһардың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жайында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг беріп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
Шымкент қаласы қазіргі таңда еліміздегі үш мегаполисінің бірі ретінде қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел әрі сапалы жүзеге асырудың нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру деңгейі әдеуір артып отыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарға басшы болып келген 1 жылдың ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу, жалақыны көбейту, баспана салу, жол жөндеу, жарықтандыру сияқты маңызды мәселелер күн тәртібінен түскен емес.
Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды. Биыл жалпы аумағы 438 гектар болатын 2 жаңа индустриалды аймақ іске қосылды.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Биылғы жылдың 10 айында қала экономикасының өсімі 12 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш республика бойынша алдыңғы қатарда. Оның ішінде тартылған инвестиция - 9%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі - 27%-ға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер алаңы - 42%-ға, сауда көлемі - 19%-ға, көлік қызметі - 26%-ға, өнеркәсіп өндірісі - 2%-ға артты.
Мемлекет басшысы елімізде өңдеу өнеркәсібін 1,5 есеге ұлғайтып, еңбек өнімділігін арттыруды тапсырғаны белгілі. Осы бағытта қалада биыл құны 78,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның 12-сі іске қосылып, 67,1 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішіндегі ірі жобалар: трансұлттық кока-кола компаниясының алкогольсіз сусындар өндіру жобасы. Құны 27 млрд теңге. {Қуаттылығы жылына 262 млн литр дайын өнім шығарады. Кәсіпорында 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды, -деді қала әкімі.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Келесі жобамыз «Wan Sheng Geramic» салған керамикалық тақтайшалар өндіру заводы. Жылына 13 млн шаршы метр тақтайшалар өндіреді. Құны 25,5 млрд теңге. Ашылған жұмыс орны 350 адамды қамтиды. Келесі жылға екінші кезеңі құрылысын бастап, жылына қосымша 12,5 млн шаршы метр тақтайшалар өндіру жоспарлануда.
Мегаполисте жалпы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 45 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, оның ішінде 32 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.