$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде әйелі мен балаларын ұрып-соққан ер адам 45 тәулікке қамауға алынды

AstanaTV
24.11.2024ж. 09:17
32
Ақтөбеде әйелі мен балаларын ұрып-соққан ер адам 45 тәулікке қамауға алынды

Ақтөбеде әйелі мен балаларын ұрып-соққан ер адам сотталды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ПД мәліметінше, оқиға Ақтөбе қаласында орын алған.

«Қала тұрғыны бұрынғы әйелі мен балаларына алкогольдік масаң күйде келіп жанжал шығарып, көшеде кәмелетке толмаған ұлдарына тиісіп, қол жұмсаған. Балаларын бұл жерден дереу алып кетуге тырысқан анасын қуып жетіп, қасақана ниетпен әйелге бірнеше соққылар жасаған», - делінген ПД хабарламасында.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1-бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізілді.

«2024 жылғы 21 қарашада осы іс бойынша сот үкімі шықты. Екі немесе одан да көп адамды және көрінеу кәмелетке толмағандарды ұрып-соғу түріндегі қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін сот үкімі бойынша ер адам 45 тәулікке қамаққа алу жазасына кесілді. Сонымен қатар, сотталушыға ерекше талаптар белгіленіп, ол алкоголь және есірткі өнімдерін қолданбау, сондай-ақ ішкі істер органдарына айына үш рет келуге міндеттелді. Бұған қоса, сотталушының бір жыл мерзімге жәбірленушімен кез келген байланысына тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ», - делінген хабарламада.

Ақтөбе облыстық ПД 15 сәуірде Мемлекет басшысы денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін, сондай-ақ ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған заңға қол қойғанын еске салып өтті.