Түркістан өңірінде ағын су тапшылығын шешу мақсатында Боралдай өзені бойынан салу жоспарланған «Боралдай» су қоймасының құрылысына Ордабасы ауылы тұрғындары түбегейлі қарсы. Жоспарға сәйкес сиымдылығы 45 млн текше метр болатын нысан Қызылсеңгір мен Боралдай елдімекенінің қақ ортасына орналаспақ. Алайда оның қоршаған ортаға, сол маңдағы тұрғындарға тигізер қаупі мен зардабы орасан деп санайды ауыл азаматтары. Ал әкімдіктегілердің жауабы қандай? Әріптесім Айзада Төребекқызы тараптарды тыңдады.
Су қоймасы салынады деген аумақта орман, жайылым және егістік учаскелері бар. Бәрінен айырылатын болдық деген ордабасылықтар халық тығыз орналасқан жерге бұндай нысан салудың өзге де қаупі зор дейді.
ДАНИЯРБЕК ҚАЛМЫРЗАЕВ, ҚЫЗЫЛСЕҢГІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бұл су таситын болса тек қана Қызылсеңгір, Боралдай, Көктөбе ауылы емес, аудан орталығы Темірлан да судың астында қалады. Өйткені бұның бекітіп жатқан жоспары өтірік жалған мәліметке негізделіп отыр. Өйткені бұлар таситын судың көлемін аз көрсетіп отыр. Және тастың қалыңдығын , дамбы салатын жерде тастың қалыңдығын 6 метр деп көрсетіп отыр. Негізі бұл жерде тастың қалыңдығы 45-50 метрге дейін барады.
Боралдай, Қызылсеңгір мен Көктөбе ауылында үш мыңнан астам халық бар. Бұл маңға су қоймасы салынса, алты қорым мен бес бұлақтың көзі жабылып қалады дейді тұрғындар. Су үнемдеудің заманауи түрін енгізудің орнына таудың суын жинаймын деу бос әурешілік, оның үстіне зардабы көп деп деп шуласқандар қарсы екенімізді біле тұра шырылымызға құлақ асып жатқан жоқ деп биліктегілерге өкпелі.
КҮЛШАТ САРТАЙ, БОРАЛДАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Өте зардабы күшті. Ол экологиялық жағынан. Сонан кейін бұл жерде влажный болады ауа. Сонан кейін ауруға шалдығады балалар.
ЕСЕНБАЙ ЕРСІНХАН, ҚЫЗЫЛСЕҢГІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жер асты су деңгейі көтеріліп кетеді де үйіміз өзімен өзі отырып, тозып, жердің астына кіріп кете береді, жарылады басқа болады. Айттық қарсымыз деп. Қарсылығымызды олар құлақтарына іліп жатқан жоқ.
Жоба жүзеге асса 67 мың гектар жер ағын сумен қамтылмақ. Дегенмен, аудан әкімдігінің өкілдері су қоймасын осы маңға салу жоспарланғанымен, құрылыстың нақты қашан басталатыны әзірге белгісіз деп отыр.
НҰРБОЛАТ БЕРДІМҰРАТОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жоба қазіргі таңда құжаттары жинақталу үстінде толық. Бұл кісілермен ауыл тұрғындарымен екі рет түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Хаттамалар толтырылған. Қоғамдық тыңдау қаңтар айында болады деп жоспарланып отыр арнайы. Барлығы құжаттары сәйкестендірілгеннен кейін ұсыныс беріледі республикаға, барлық министрліктерден соглосование алынады. Одан кейін барып су қойманың салыну немесе салынбау шешімі шығарылатын болады.
Қоғамдық тыңдаудан соң басқа жерден салу ұсынылса ғана орын ауыстырылуы мүмкін деді шенеунік.