Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өткен брифингіде Моңғолияға Ресеймен бірлесіп жол салу бастамасы туралы пікір білдірді.
«Өнеркәсіп саласындағы байланыстарда да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Құны 18 миллиард доллардан асатын 93 бірлескен жоба іске қосылды. Қазіргі таңда жалпы инвестициясы шамамен 30 миллиард доллар болатын 49 жоба іске асырылып жатыр.
Қазақстанның бірқатар өңірін газдандыру жөніндегі ауқымды бастамалар, ресейлік энергия ресурстарының оңтүстік және шығыс бағыттардағы транзит көлемін ұлғайту жобалары да маңызды», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық бағыттағы бастамаларға ерекше тоқталды.
«Елімізде ірі энергетикалық нысандар салу және жаңғырту, негізгі көлік дәліздерін дамыту арқылы транзиттік әлеуетті арттыру бастамалары да ерекше назар аударуға лайық. Сондай-ақ біз Моңғолияға автомобиль жолын салу, Трансауған көлік дәлізін белсенді пайдалану жобаларының келешегін талқыладық. Солтүстік-оңтүстік бағытындағы бұл бастамалардың бәрін толыққанды іске асыру доспейіл халықтарымыздың түпкі мүдделеріне толық жауап беретініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.