Біліктілігі жоқ шетелдік жұмыс күшін әкелуге шектеуді күшейту қажет. Сенатор Бибігүл Жексенбай Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында осындай ұсыныс білдірді. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда заңсыз көші-қонның өсуі әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Бүгінде елімізде 300 мыңға жуық еңбек мигранты бар. Алайда тек 13 мың шетел азаматы ресми түрде жұмыс істейді. Биылдың өзінде 82 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Халықаралық миграция ұйымының ақпаратына сәйкес, жыл сайын Қазақстанға 3 млн 7 мыңнан астам шетел азаматы әр түрлі себептермен келеді. Ал олардың қаншасы елде қалады, қаншасы қайта қайтатыны жөнінде ешкім нақты айта алмайды.
БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Елімізде бүгінге дейін арнайы қабылданған тұжырымдамаға сәйкес көп шаралар қолға алынып жатыр. Бірқатар заңдар да қабылданды. Дегенмен әшкереленген және әзірге анықталмаған әкімшілік және қылмыстық фактілер әлі бұл бағытта жұмыстың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Ведомствоаралық шекара қызметі, құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік арасында бірлесе жүйелі, толыққанды жұмыстың жоқтығын да айғақтайды.