Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

БЖЗҚ 71.3 млрд теңге қаражаттан айырылуы мүмкін бе?!

AstanaTV
15.05.2017ж. 20:00
2712
БЖЗҚ 71.3 млрд  теңге қаражаттан айырылуы мүмкін бе?!

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Әзірбайжан халықаралық банкіне салынған 71 млрд теңгесі сақтандырылмаса, ол жоғалып кетуі мүмкін. Мұндай қауіп бар екенін мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев айтты. Ал қорға келген зиян салымшыларды да айналып өтпейді, деді.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Нақты сол тәуекелдерді толық есептемеген. Әрине, бұл сол кепілдіктерді толығымен ескермесе, бұл ақша қайтпайды. Тағы да сол қорымыздың, халқымыздың қалтасынан қағылған ақша деп айтуға болады. Оның күні бұрын қауіпті симптомдарының барын ескермеген жауапты адамдардан сұрауымыз керек. 

Ал банкрот алдында тұрған Әзірбайжан халықаралық банкі активтерінің санатында Қазақстан зейнетақы қорының да қаражаты барын белгілі экономист Рахым Ошақбаев мәлімдеген болатын. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында банкке 17,3 млрд теңге салынғанын жазды. Ал ол банк өзінің валюталық міндеттерін орындауды тоқтатқаны белгілі.

Рахым Ошақбаев, экономист-сарапшы:

Меніңше, бұл мәселеге қатысты ресми жауапты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өзі бергені дұрыс. Менің естуімше, қазір Ұлттық Банк те арнайы мәлемдеме дайындап жатыр. Неге осыншама қаражатты шетелдік банкке инвестиция ретінде құйды? Осы сұрақтың басы ашық қалып отыр. Бұл мәселені қордың басшыларын шақырып, парламенттік тыңдалымда жеке қарау керек.

Айта кетейік, өткен аптада Әзірбайжанның ең ірі банктерінің бірі банкрот алдында тұрғаны туралы ақпарат шықты. Қаржы инситуты дефолттың кесірінен шетелдік инвесторларға берешегін төлеуді тоқтататынын мәлімдеді. Ал зейнетақы қаржысын басқаратын Ұлттық банк әзірге бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермей отыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ