$451.05 €504.95 ₽5.6

Астана әуежайынан Қазанға рейстер орындауды бастады

Астана әуежайынан Қазанға рейстер орындауды бастады

2026 жылғы 27 қазанда Астана халықаралық әуежайында Nordwind әуекомпаниясының Қазан- Астана -Қазан бағыты бойынша жаңа рейсінің ашылу рәсімі өтті. Аталған бағытта жаңа әуе тасымалдаушының ұшуды бастауы жолаушылардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы сапарларға қосымша қолайлы жағдай жасайды, деп хабарлайды Astana TV.

Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов Ресейден Қазақстанға тікелей рейстер санын арттырудың Қазан мен Қазақстан қалалары арасындағы туризм, іскерлік ынтымақтастық, мәдениет, спорт және басқа да салалардағы байланыстарды  одан әрі дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.

Nordwind әуе компаниясының сату бөлімінің басшысы Александра Галикбарованың айтуынша, Астанаға рейстердің ашылуы екі ел арасындағы жолаушылар тасымалын дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді.

«Қазан – Астана бағыты бойынша рейстерді іске қоса отырып, біз жолаушыларға екі қала арасындағы ыңғайлы әуе қатынасын ғана емес, саяхаттаудың жаңа мүмкіндіктерін де ұсынуды көздейміз. Nordwind әуе компаниясының кең бағыттар желісі мен Қазан әуежайының транзиттік әлеуетінің арқасында Астана тұрғындары мен қонақтары Санкт-Петербург, Сочи, Краснодар, Минералды Суларжәне Калининград қалаларына сапарларын жалғастыра алады. Осылайша, Қазан Қазақстаннан ұшатын жолаушылар үшін Ресейдің түрлі өңірлерімен танысуға мүмкіндік беретін қолайлы бастапқы нүктеге айналады», – деп түсіндірді Александра Галикбарова.

Рейстер аптасына екі рет, сейсенбі және жұма күндері Boeing 737 әуекемелерімен орындалады. Ұшу кестесіне сәйкес, әуекемесінің Астанағакелуісағат 05:15-ке, ал Қазанға кері ұшуы сағат 06:30-ға жоспарланған. Астана – Қазан – Астана бағыты бойынша барып-қайту әуебилеттерінің болжамды құны 110 мың теңгені құрайды. Билеттің түпкілікті бағасы брондау күніне, таңдалған тарифке және бос орындардың болуына байланысты өзгеруі мүмкін.

Nordwind әуекомпаниясының аталған бағыт бойынша рейстерді іске қосуы Астана мен Қазан арасында қатынайтын жолаушылар үшін әуе тасымалдаушыларды таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік, іскерлік және мәдени байланыстардың дамуына ықпал етеді.

Айта кетейік, Астана халықаралық әуежайы жаңа әуе компанияларды тарту, бағыттар желісін кеңейту және халықаралық әуе қатынасын дамыту жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл елорда жолаушылары үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.