$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордалық ауылшаруашылық өнімдері шетел нарығына ұсынылады

AstanaTV
16.05.2017ж. 20:00
2792
Қызылордалық ауылшаруашылық өнімдері шетел нарығына ұсынылады

"Табиғи өнім" атты брендпен Қызылорда облысынын ауылшарушылық өнімдері Иран, Қытай, Ресей және Еуропа елдеріне экспортталады. Бұл елдер тек тұтынушы ретінде ғана емес, облыстың ауыл шаруашылығының дамуына инвестиция салуды көздепті. Ал аймақ осы жылы алғаш рет ет партиясын жіберуді жоспарлап отыр. Малшылардың үшінші басқосуында сала озаттары марапатталып, жетістіктер мен өзекті мәселелер қозғалды. Шарипа Сақтапова тарқатады.

Қаратаудың бауырында малшыларға арналып киіз үйлер тігілді. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған шараға 6 облыстан малшылар, шопандар, сауыншылар келді. Олар өз мәселелерін ортаға салып түйінін шығаруды мақсат еткен. Көпшіліктің назары қалмақ тұқымды етті ірі қараға ауды. Зұлпыхар Сыздықовтың айтуынша, елімізде жойылып бара жатқан асыл тұқымды сиыр мен бұқалар санаулы ғана.

Зұлпыхар Сыздықов, фермер:

Жылда 60-тан 90 басқа дейін осының бұқашықтарын сатып отырмыз. Сұранысы өте жақсы. Дәл қазір маған түсіп жатқан тапсырыс өте көп. Қамтамасыз ете алмай отырмыз. Бүгінгі таңға дейін 50 бастың үстінде саттық.

Қызылордалық табиғи өнім бүгінде танымал болып келеді. Аймақ басшысының айтуынша, жергілікті еттің дәмін көрген шетелдіктер таңдай қағып, қызығушылық білдірген. Мысалы, ирандықтар. Шетелдіктер ауыл шаруашылық саласына инвестиция салуға әзір екенін айтқан. 

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Қазір Иран, Қытай, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екендігін білдіріп отыр. Биылғы жылдың өзінде облыс аумағынан 100 тонна мүйізді ірі қара етін және 25 тонна қой етін экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде қойды тірідей экспорттауға қызығушылық білдірген бірнеше ирандық компаниялардың басшылары облыста болып, мал және ет сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізді.

Нақты шешімдер арасында ирандықтармен бірігіп, замануи ет комбинатын салу жобасы бар. Қызылордалықтардың тағы бір айтулы жетістігі - шағын шаруашылықтардың ірі кооперативтерге қосылуы. Облыста осы уақытқа дейін 178 кооператив құрылған. Ол жұмыс жалғасын таппақ. Ал той түйіні - озаттарды марапаттау, құрметтеу, мадақтау болды.

Шарипа САҚТАПОВА