Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Мектеп оқушыларына мереке және демалыс күндері үй тапсырмасы берілмейтін болады

AstanaTV
16.05.2017ж. 20:00
7164
Мектеп оқушыларына мереке және демалыс күндері үй тапсырмасы берілмейтін болады

Мектеп оқушыларына мереке және демалыс күндері үй тапсырмасы берілмейтін болады. Білім және ғылым министрлігі бұған тыйым салмақ. Министрлік мамандары жаңа оқу жылынан бастап үй тапсырмасының үштен бір бөлігін қысқартуды жоспарлап отыр. Енді оқушылардың үй тапсырмасын орындауға қанша уақыты кетеді? Тілшілеріміз анықтады.

Екінші сынып оқушысы Жанерке күнінде кем дегенде 4-5 сағатын үй тапсырмасына арнайды. Оның үстіне үйдегі үлкендердің көмегінсіз берілген тапсырманы орындау тіпті мүмкін емес. Сан сағаттап үй тапсырмасына үңілген баланың да бос уақыты жоқтың қасы,- дейді ата-анасы.

Жадыра Жиенбаева, ата-ана:

Кейде тіпті түнгі 12-1-ге дейін үй жұмыстарын орындайтын кездеріміз болады.  Ал, таңертең біз жұмысқа кеткенде, баланың тапсырманы өзі орындауға шамасы жетпейді. Қайта түстен кейін оқимыз. Баламызды қосымша оқуға да бергіміз келеді, мысалы, гимнастикаға. Алайда, мектептің үй тапсырмасын үлгермей жатып, оған бару тіпті ақылға сыйымсыз.

Мұғалімдер үй тапсырмасына қатысты нақты әдістеме жоқ екенін айтады.

Рамза Исмаилова, мұғалім:

Кеңес кезінде үй тапсырмасына 2 сағат берілетін. 5 пәнге осынша уақыт жұмсалатын. Ал қазір біз көбіне мектепте өткен тапсырмаға ұқсас тапсырмаларды береміз. Сондықтан кез-келген ата-ана оны тексеріп, тіпті баласына көмектесе де алады.

Жақында экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 65 мемлекеттің арасында сараптама жүргізіп, үй тапсырмасын ең көп беретін елді анықтаған. Онда Қазақстан алғашқы төрттіктен орын алыпты. Осылайша, оқушылар аптасына 9 сағатты тек үй тапсырмасына арнайтыны белгілі болған. Біздің алдымызда Қытай, Ресей және Сингапур елдері тұр. Бұл ақпаратты Білім және ғылым министрлігі мамандары да растап отыр. Олар оқушылардың 62 пайызы үй тапсырмасынан әбден шаршаса, 50 пайызы мүлде орындамайтынын анықтаған.

Елдос Нұрланов, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ақпараттық-сараптама» департаментінің басшысы:

Балалардың жартысына жуығы үй тапсырмаларын өздері орындай алмайды. Тіпті уақыттары да жетпей жатады. Ал, үй тапсырмасының көлемі көп болғандықтан, үлкендердің көмегіне жүгінуге тура келіп жатады. Үштен бірі өз мұғалімдеріне хабарласып жатады екен. Тағы 15 пайызы өз қатарластарынан сұрауға мәжбүр.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мамандар жаңа әдістеме ойлап тапқан. Енді үй тапсырмасының үштен бірі қысқармақ. 2-ші сынып оқушыларының үй тапсырмасын орындауына 50 минут, 3-4-ші сынып оқушыларына 70 минут, 5-6-шы сыныптарға 90 минут белгіленбек. Ал 7-9-шы сыныптағылар 110 минут жұмсаса, 10-11-ші сыныптардың үй тапсырмасы 130 минуттан аспауы керек. Ал, бірінші сыныптарға мүлде үй тапсырмасы берілмеуі керек делінген әдістемеде. Сондай-ақ, мереке және демалыс күндері үйге тапсырма беруге тыйым салынған.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Жаңа әдістеме жаңа оқу жылынан бастап қолданылатын болады. "Ол кезде балалар мен ата-аналардың бос уақыты көбейеді", - дейді мамандар. Бұл баланың өздері қалаған үйірмелерге барып, бақытты болуына жағдай туғызатын көрінеді.