Солтүстік Қазақстан облысында биыл сумен жабдықтауға рекордтық қаражат бөлінді. Өңір тұрғындарын таза ауыз сумен қамтуға 21 миллиард теңге қарастырылған. Бұл 2022-жылмен салыстырғанда екі есе көп. Қомақты қаржыға 46 жоба іске асырылып жатыр. Халық саны 10 мыңнан асатын елдімекенде кешенді блок-модульдер орнатылуда. Жыл соңына дейін 66 ауыл осындай жаңа жүйемен қамтамасыз етіледі.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына қарай халықтың сапалы ауыз суға қолжетімділігін 100% қамтамасыз ету міндетін жүктеген болатын. Жыл қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарының таза ауыз суға қолжетімділік көрсеткішін 93,3%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Аймақта туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бастап теріскейге демалуға 120 мыңға жуық адам келген. Өңір билігі Шалқар-Имантау курорттық аймағына басымдық беріп жатыр. Туристер кедергісіз қатынау үшін тынығу базаларының арасындағы қиыршық тастың орнына асфальт төселген. Жалпы, бұл маңайдағы инфрақұрылымды жаңғыртуға жергілікті қазынадан 800 миллион теңге бөлінді. Келер жылы оны бір жарым есе арттыру жоспарланып отыр.
Ғауез НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Шалқар-Имантау курорттық аймақта 46 демалыс базасы бар. Оның тоғызы жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз осындай тынығу мекемелерінің санын көбейту. Бүгінде инвестор 16 эко-отель мен глэмпингтердің құрылысын жүргізіп жатыр.