Тәуелсіздіктің 25 жылдығына
арналған «Мәңгілік Ел» пойызы Таразға жетті. Пойызбен келген білікті мамандар
№2 қалалық ауруханада қала тұрғындарының денсаулықтарын тексерді. Ал бұған
дейін Сарысу ауданының өзінде 415 адамға медициналық тексерістен өтіп, 2 жарым
мың тұрғын өз сұрақтарына жауап алған.
Пойыз ішінде тек дәрігерлер
ғана емес, түрлі сала мамандары бар. Басты мақсат - егемендік алғалы жеткен
жетістіктер мен сан саладағы оң өзгерістер, қолданысқа енгізілген заңдылықтарды
түсіндіру. Олар елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді шешкен. Ал бірінші
кезекте халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуді алға қойған. Ақпан айынан
бері елімізде 14 мыңнан астам адам осы пойыздың медициналық жәрдеміне жүгінген.
«Мәңгілік Ел» пойызы» жалпы республикалық акциясы ақпан айында Астанадан бастау
алған болатын. Бүгінге дейін еліміздің 30 астам елді мекенін аралаған. Ендігі бағыты - Алматы. Акция 18 наурызда
сол қалада қорытындыланбақ.
Әміржан Әлпейісов, пойыз штабының басшысы:
Осы уақытқа дейін 12 облыста
болып, әлеуметтік мәселелерді шешуге ат салыстық. Жалпы бүгінгі күнге дейін 50
мыңға тарта халықты қабылдадық. Бүкіл министрліктің білікті мамандары бар
100-ге тарта. Оның ішінде 30-ға тарта дәрігер. Сол ауылға, елге қажетті
мамандарды біз ала келдік.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ