$527.3 €544.86 ₽4.95
×

Астанада депутаттар «екі оттың ортасында» қалған жаңа Салық Кодексін талқылады

11.12.2024ж. 20:00
141
Астанада депутаттар «екі оттың ортасында» қалған жаңа Салық Кодексін талқылады

Жаңа салық кодексінде қоғам мен мемлекеттің, бизнестің басымдықтары ескерілуі керек. Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл осылай дейді. Astana Open Dialogue пікірталас алаңында қоғам белсенділері мен депутаттар екі оттың ортасында қалған заңды талқылады. Жыл басынан бері жаңа кодекс жобасы талқыланып жатыр. Бұл салық төлеушілер мен мемлекет арасында әлі де түсініспеушіліктің барын айғақтайды. Мәжілісмен өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын оңтайлы шешім табу керектігін айтады. 

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бизнес аз қаржы салып, көп табыс тапқысы келеді. Мемлекет ресурстардың бөлінуін басқарғысы келеді және бюджетті баланста ұстауға мүдделі. Ал қоғам бюджеттің сұранысқа қарай бөлінуін қалайды. Біздің мақсатымыз - осылардың арасында тепе-теңдікті тауып, барынша мәселені шешу. Мемлекет, бизнес пен қоғамның қызығушылықтары арасындағы балансты ұстай білуіміз керек. Мәжіліс барлық талқылауға ашық. Салық кодекстің жеті бағыты бойынша өзгертулер қабылдауға әзірміз.

Ашық талқылауға 200-ден астам адам қатысты. Олар салық кодексінен бөлек экономикаға өсім беретін жаңа жобаларды талқылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашық пікірталасқа түскен әр тақырып бекерден-бекер таңдалмаған. 

МЕЙІР АЛПЫСОВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Осы салық кодексін қарап жатқан адамдар тарапынан сын естіліп жатыр. Қазақстанның экономикасының дамуына қандай әсер ететіні әлі белгісіз болып тұр. Сол себептен осы тақырып таңдап алынды. Мемлекеттік органдардың да, жекеменшік сектордың да, қоғамның барлық салаларының адамдары жиналған. Еркін сұқбат, пікірталас болады.