$516.93 €542.52 ₽4.98
×

Орал қаласында салық қызметкері пара алғаны үшін 10 жылға сотталды

AstanaTV
12.12.2024ж. 13:45
62
Орал қаласында салық қызметкері пара алғаны үшін 10 жылға сотталды

12 желтоқсан күні БҚО-да қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 38 жастағы ер адамға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мой город" порталының дерегінше, 38 жастағы азамат облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде жетекші маман болып жұмыс істеген. Ол Қылмыстық Кодекстің 366-бабы "Пара алу" бойынша айыпталды.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, салық қызметкері 2021 жылғы желтоқсан мен 2022 жылғы 22 қыркүйек аралығында ер адамнан 75 миллион теңге көлемінде пара алған. Жетекші маманның "Сырым" өткізу пункті арқылы ауыр жүктердің тез әрі кедергісіз өтуіне көмектескені айтылған.

Сот айыпталушыны кінәлі деп таныды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, сотта және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды. Ер адамға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Сот пара нысаны ретінде 75 миллион теңгені өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұдан басқа сотталушының екі көлігі мемлекет пайдасына тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.