$522.63 €548.66 ₽5.07
×

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына сапары Қаратал ауданында жалғасты

13.12.2024ж. 20:00
106
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына сапары Қаратал ауданында жалғасты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына сапары Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы аймақтағы әлеуметтік нысандарды аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. 

Мемлекет басшысы алдымен Ескелді би ауылында биыл пайдалануға берілген мәдениет үйі мен спорт кешенінің ғимараттарын аралап көрді. Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген 150 орындық мәдениет үйінде кітапхана, әжелер мен домбырашылар ансамбльдері, би үйірмесі бар.

Бұдан бөлек, Президент Ескелді би ауылындағы спорт кешенімен де танысты. Ауыл тұрғындары мұнда тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы үйірмелеріне, бокс, күрес, волейбол, баскетбол секцияларына қатысады. Мемлекет басшысы сондай-ақ, Үштөбе қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы мектепке барды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектеп директоры Ләззат Испанова оқушылардың жетістіктері туралы айтып, жазушы мұражайымен таныстырды. 1997 жылы құрылған музейге қаламгердің тұтынған заттары, фотосуреттері, құжаттары мен кітаптары қойылған. Мемлекет басшысы өңірдегі қорғаныс істері жөніндегі бөлім ғимаратын да аралап көрді. Әскерге шақырылған азаматтармен әңгімелесіп, оларға Отан алдындағы борышын өтеуде сәттілік тіледі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміздің алдында қызмет ету деген бұл азаматтық борыш. Сондықтан қызметті жоғары деңгейде іске асыру керек. Шын мәнінде бұл парыз. Қасиетті парыз. Сондықтан баршаңызға амандық тілеймен. Біздің еліміздің лайықты азаматтары болыңыздар әрқашанда.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысына Smart-әскери комиссариат жобасы туралы баяндады. Жаңа бастамаға сәйкес азаматтар автоматты түрде әскери есепке алынады. Яғни, жыл сайын 17 жастағы 160 мыңнан аса жасөспірім тізімге енеді.