Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысы Тұрымқұл ауылының тұрғындары таза ауыз сумен қамтылды. Ал Ойық ауылында дене шынықтыру кешені бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Айтулы күнге орай әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналарға жаңа пәтердің кілті табыс етілді.
Талас ауданы Ойық ауылдық округіне қарасты Тұрымқыл ауылы осы күнге дейін тіршілік нәрінен тарығып келген. 40 түтін, 250-ден астам тұрғыны бар шағын ауылға енді шырай кіргелі тұр. Себебі 399 млн теңгеге мемлекет тұрғындарға таза ауыз су тартып берді. Бұл 2025 жылға дейін еліміздегі барлық елдімекен таза ауыз сумен қамтылуы тиіс деген Президент тапсырмасына сай жүзеге асырылып отыр. Тартылған тәтті судан жұртшылықпен бірге аудан әкімі де ауыз тиді.
НҰРБОЛ ЖҮНІСБЕКОВ, ТАЛАС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
2024 жылы бізде жеті елдімекенде ауыз су болған жоқ. Оның бәрін жобалық - сметалық құжаттамалары дайындалып, қаражат бөлінді. Енді 5 елдімекенге ауыз су кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Екі жобамыз келесі жылға өтпеді, ол да 2025 жылы толық аяқталатын болады. Сонымен қатар бүгін міне Ойық елдімекенінде дене шынықтыру сауықтыру кешені беріліп жатыр.
Жаңадан салынған дене шынықтыру, сауықтыру спорт кешенінің бой көтеруіне «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 462 млн теңге қаржы бөлінді. Қуаттылығы 400 орынға арналған кешенде бокс, қазақ күресі, волейбол мен футбол спорт түрлері бойынша жеткіншектерді жаттықтырады. Бүгін лентасы қиылып, пайдалануға берілген спорт нысанына ауылдың қариялары да дән риза.
ПАНА РАХМАНБЕРДІҰЛЫ, АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгін біздің ауылымызда үлкен қуаныш болып отыр. Ауыз су беріліп отыр, таза ауыз су. Содан кейін Ойықтың орталығында мынау спорт кешені беріліп отыр. Бұл көптен күткен жақсы тірлік болды. Осы жерге келіп қариялар да иігілігін көреміз деп отырмыз.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Таластық тұрғындар жаңа баспананың кілтін алды. 50 пәтерден тұратын екі тұрғын үй осал топтағы азаматтар мен жетімдердің жылы панасына айналмақ.