$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Рақымшылықтың ... «азабы». Әйел сал болып қалды, ал кінәлі бостандықта.

AstanaTV
20.05.2017ж. 20:00
2945
Рақымшылықтың ... «азабы». Әйел сал болып қалды, ал кінәлі бостандықта.

Үнемі айтып жүреміз, әділетті шешім іздеген адамдардың журналистерге келіп, шағымдануы құқық қорғау органдары мен соттың қандай екенін көрсететін бір өлшем. Бұл жолы автобус қағып кетіп, сал болып қалған, тілден де айырылған Сәуле Рахымбердиеваның тағдыры туралы. Тілшіміз Айбек Қосан зерттеп көрді. Әдеттегідей, жүргізушінің қалай қоғамдық көлік айдау құқығына ие болғанынан бастап тергеушілерге дейін сауал көп. 

2016 жылдың 10-желтоқсаны Сәуле Рахимбериеваның өмірін екіге бөлді. Cоған дейін алаңсыз күн кешіп, қызының қызығын көріп жүрген әйелді қоғамдық көлікті заңсыз жүргізген Қырғыз елінің азаматы қағады. Салдарынан ол 1 айдан астам ес-түссіз жатып, ақыры 1 топтағы мүгедек атанды. Сәулені қазір ауруханадан шығарған. Бірақ апаттан кейін жарты жыл өтсе де, жағдайы жақсарған жоқ.

Олжас Бекарысов, Травматология ғылыми-зерттеу институты №1 травмотология бөлімінің меңгерушісі:

Қазіргі жағдайы ауыр деп саналады. Вегетативный статус. Тетрасиндром. Қазір ол өзі тамақ жей алмайды.Өзі қимылдай алмайды. Өз өзіне қызмет көрсете алмайды. Қолдары, аяқтары қимылдамайды. Тамақтың бәрін зонтпен береміз. Кіші дәрет, үлкен дәрет катетермен алынады. Науқастың туысқандарына түсіндірген еді. Олар өздері де түсінгенсін минздравқа барды, басқа мекемелерге барды көмек іздеп. Қазақстанда, біздің республикада ешқандай реабилитациялық орталық ондай науқастарға жоқ. Олармен ешкім айналыспайды.

Зардап шегуші тарап болса Қырғыз елінің азаматы қалайша рақымшылыққа ілікті деп түсіне алар емес. Алғашында қол ұшын созғанымен, темір торға тоғытылмайтынын білген соң, ұшты-күйлі жоғалған. Қазір тіпті телефонын көтермей қашып жүр. Ал жұбайының ертеңі не боларын білмейтін Сейсенбай Шаяхметов әділдік іздеп әлек.

Сейсенбай Шаяхметов, С. Рахимбердиеваның азаматтық некедегі жолдасы:

Ең бастысы емделуге қаржылай көмек көрсетсе болды. Бізге кінәліні түрмеге жапқанының қажеті жоқ. Бірнеше миллионды қазір әкел деп те сұрап отырған жоқпыз. Дәрігерлер әйелімнің беті бері қарау үшін 1 жылдан 5 жылға дейін уақыт кетеді дейді. Осы мерзім аралығында емдету үшін ақша керек қой. Моральдық залал мен материалдық шығынды өтесе болды. Бірақ кінәлі азаматтың жоғалып кеткеніне 2 ай болды. Телефонын көтермейді.

Тергеу амалдары сотқа дейін аяқталғаны жайында ақпаратты Сәуле Рахимбердиеваның қызы да наразылықпен қабылдаған. Аялдамада тұрған адамдарды қағып, мүгедек қылғанды қалайша босатып жіберуге болады? -дейді.

Сабина Рахимбердиева, С. Рахимбердиеваның қызы:

Маған тергеушінің айтқаны - кешір, сенің анаңа дейін де осындай жағдай болған. Ол кезде тіпті адам көз жұмды. Соның өзіне рақымшылық жасап жатыр. Сондықтан сендердің жағдайларың бірінші рет болып отырған оқиға емес.

Қолымен істегенді мойнымен көтеруден жалтарған Сапарбек Қапар-уллы  Астанадағы №3 автопаркте қызмет еткен. Мекемеге барып мән-жайды білдік. Белгілі болғандай, Қырғыз Республикасының азаматы қоғамдық көлікті заңсыз жүргізген. Мекеме басшысы оның жазадан құтылғаны дұрыс емес екенін мойындайды. Алайда ол Қапар-уллыны жұмысқа алмағанда бұл қайғылы оқиға болмайтын еді ғой! Неге алдыңыз десек:

Бауыржан Тілеубергенов, Астана қаласы №3 автопаркінің директоры:

Бізге оларды жұмысқа қабылдауға біздің управление транспорта рұқсат берген. Но, қағаз бойынша жоқ. Ауызбен айтқан. Жүргізушілер жетпей жатқасын, мүмкіндік бар деді оларды алуға.

-Ал оны неге заңнамалық негізге қағазға бекітпедіңіздер? Ауызша қалай жұмысқа алынады жұмысшылар?

Оны мен ойлап сұраған жоқпын ғой. Менің басшыларым айтты. Мен солардың айтқанымен жұмысқа қабылданып жатырмын. 

Автопаркте Қапар-уллы ғана заңсыз жұмыс атқарған екен. Қалғаны түгел ресми рәсімделген. Қызық. Мәселенің мән жайын анықтау үшін ауызша тапсырма беретін Астана қаласы жолаушылар көлігі басқармасына осыдан 1 апта бұрын хат жолдаған едік. – Біз ол жайтты қайта қарап шығайық. Жарты жыл өтіп кетті ғой,- деп ақталды. Елордада адамдарды күнде автобус қағып жатыр ма? Десек те, ресми жауап әлі күнге жоқ. Астана қаласының ішкі істер департаменті де тергеудің нақты қалай жүргізілгенін егжей-тегжейлі баяндап бермеді. Тек «рақымшылыққа ілікті»- деп қысқа қайырды. Қапар уллының рақымшылыққа іліккені дұрыс, - дегенді Астана қаласы Алматы аудандық прокуратурасы да қоштайды.

Әйгерім Өмірзақова, Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры:

Қылмыстық кодектің 345-бабының 2-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық ол осы көлік құралын басқаратын адамдардың жол жүрісін, немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқтыққан дәл осы іс-әрекет онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Сондықтан анықтау органымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді рақымшылық заңы негізінде  тоқтату туралы қабылдаған шешімдері заңды болып келеді.

Бұл қалай "ауыр емес қылмыс"? Адам орнынан тұра алмай, кәріп болып қалды емес пе? Не сонда, адам өлуі керек пе? Сорақылық мұнымен бітпейді. Рақымшылыққа ілінген адамның жәбірленушіге көмектесуі міндетті емес екен. Сәуле Рахимбердиева азаматтық негізде сотқа жүгіннен кейін ғана материалдық және моральдық шығынын өндіре алады. Адвокат Ерлан Газымжанов осылай дейді.

Ерлан Газымжанов, Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі:

Кез келген заң халықтың игілігіне бағытталуы керек. Бұл жағдайда рақымшылық заңы оң ба, әлде теріс пе? Қай жағынан қарағаныңа байланысты. Айыпталушы тарап әрине оңды, заңды деп есептейді. Алайда мемлекет осындай заң арқылы  жапа шеккендердің құқығын қорғаудан бас тартқандай болады. Бұл жағдайда заңға өзгеріс енгізу керек. Яғни рақымшылықты тек жәбірленген тараптың талабын орындағандарға ғана жасау қажет. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары рақымшылыққа негізделе отырып тоқтатылмауы тиіс. Себебі, тергеу барысында басқа да жайттар ашылуы мүмкін.

Айбек Қосан, тілші:

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жарияланған рақымшылық осылайша, біреуді түрмеден құтқарды. Ал бірін денсаулығынан айырып, есеңгіретіп кетті. Есеңгіретті дейміз-ау, тілден қалып, қимылсыз сал болып жатқаны анау... Қым-қуыт қалада абай жүріңіздер. Бетін аулақ қылсын, алайда біреудің кесірінен жарақат алып, жарымжан болып қалсаңыз, заң сіздің жақта болады дегенге сенім жоқ, бұл күнде. Сәуленің тағдыры соған дәлел. 

Айбек Қосан, Тимур Еркетаев «Біздің Уақыт».