Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Тойсыз тіршіліктің «мәні» болмай тұр. Дүркіреп өтетін түлектер кеші.

AstanaTV
20.05.2017ж. 20:00
2349
Тойсыз тіршіліктің «мәні» болмай тұр. Дүркіреп өтетін түлектер кеші.

    Тойшылдықты енді балаларға жұқтырып жатырмыз. Дәлел - мектеп түлектерінің кеші. «Өмірдің ұмытылмас сәті» деп қоямыз. Бізде түсінік пен пайым     «өте қызық», осы. Бірнәрсені бітірсек, міндетті түрде қиқу салуымыз керек. Айжан Қуаш тарқатады.

Қымбат көйлек пен мейрамхана.Біреу тоңып, біреу тойып секірген түлектер кеші. Ғаламторда мектеп бітірушілердің мақтанып салған естелік – видеолары толып жүр. Әсіресе, көйлектерінің сәнімен жарысқан қыздар көп. Ал, ата-ана «мақтан кешінде» «ұятқа қалмауға» тырысады. Барын береді, болмаса қарыз алады.

Айжан Қуаш, тілші:

Мұның бәрі ата-аналар комитетінің ойлап тапқаны. Мақсат, «естен кетпес сәтті» бастан кешу. Ал, біздің халық үшін естен кетпес сәт ол, қымбат мейрамханада отырып тамақ жеу, өмірі отырып көрмеген лимузинге отырып, қаланы аралау. Мұндай ақша шашпақты көтере алмайтындар барын ойламаймыз.

Мысалы, түрін жасыруды сұраған жалғыз басты ана - Ажар ас та, төк түлектер кешіне мүлде қарсы. Былтыр Қарағанды мектептерінің бірін бітірген қызының кешіне киім-кешекті қоспағанда 60-70 мың теңгені әрең тапқан. Ал, ата-аналар комитеті мұндай отбасылардың жағдайын мүлде ескермеген.

Ажар Садықова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Ресторанға барамыз деді. Лимузин жалдайық деді. Қызым жалғыз болғаннан кейін ол қанша ақша болса да, қарызға болса да мен сол ақшаны тауып бердім. Басқа ата-аналар болып жатты бере алмайтын. Көп балалы ата-аналар болды, мысалы. Ол бір жағынан балаларға травма деп ойлаймын. Басқалар барып жатқанда олар қалып қойып жатты.

Ата-аналар комитеті қазір әр сыныпта, әр мектепте бар. Құрамында 3-4 адам болады. Негізі олар оқу барысындағы өзгерістер мен жаңалықтарды басқа жұмыс басты ата-аналарға жеткізіп тұру үшін құрылады. Бірақ шындығында, әр мереке сайын ақша жинаумен айналысып кетеді. Мұғалімдер оған араласуға қақымыз жоқ, дейді.

Айжан Әдепбаева, Қарағанды қаласы «Мұрагер» арнайы мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі:

Ата-ана мектеппен санаспайды,ақылдаспайды. Оны өздері шешеді. Ата-аналар комитеті деген бар. Олар өздері шешеді, қайда өткізу керек, қанша қаражат жұмсау керек.

Қымбат Смағұлов, Қарағанды қаласы «Мұрагер» арнайы мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі:

Білім басқармасы айтып жатыр, жыл сайын айтып жатады - аттестат ұсыну мектептің қабырғасында өту керек деп .Мен де сондай пікірдемін. Ал, ары қарай ата-аналар өздері тойлаймыз деп жатса, ол өздерінің құзырында.

Дегенмен, ұстаздар қауымы ата-аналар комитетінде не болып жатқанын, түлектер кешінінің қалай өтетінін жақсы біледі. Себебі өздері де ата-ана.

Қымбат Смағұлов, Қарағанды қаласы «Мұрагер» арнайы мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі:

Қызым осы мектепті бітірген. Ресторан, киімі бар. 100 мыңның ар жақ бер жағы. Меніңше, мұны тойлау, асыра ақша жұмсау қазіргі заманға сәйкес келмейді деп ойлаймын. Адамдардың мүмкіншіліктері әр түрлі.

«Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушылары түлектер кешін әлі жоспарламағандарын айтты. Олар үшін ең бастысы БҰТ тапсыру мен оқуға түсу. -Ал, той қашпайды,- деді.

Аружан Жеңісқызы, Қарағанды қаласы «Мұрагер» арнайы мамандандырылған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы:

Біз оны әлі жоспарлаған жоқпыз.Өйткені, алда ҰБТ күтіп тұр.Соған дайындалу барасындамыз.Емтиханды, тестілеуді тапсырып біткеннен кейін ғана мүмкін сондай жоспарларды жасармыз.

Аяулым Серік, Қарағанды қаласы «Мұрагер» арнайы мамандандырылған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы:

Сыныптастармызбен әлі ешқандай жоспар құрған жоқпыз. Біздің күндіз түнгі ойымыз тек қана ҰБТ 140 балға жеткізу.140 немесе 139. Одан кейін мүмкін бір жерге барып қалармыз.

Бірақ бұл «қалыптан тыс» ойлайтындар сияқты. Себебі мейрамханаларға тапсырысты көктем туа беріп қойғандар көп. Қызылорданың атақты түнгі клубы ондай кеш ұйымдастырудың шебері. Мұндағы заманауи залдар, еуропалық ас мәзірі мен диджей жұртты қызықтырады. Ақысы адам басына 10-15 мың теңгеден. Клуб менеджерінің айтуынша тапсырыс көп. Өткен жылы Назарбаев зияткерлік мектебі мен дарынды балаларға арналған екінші мектеп-лицейінің түлектері мен ата-аналары ғана емес, ұстаздары мен директорларының өзі түні бойы тойлап, атқан таңды осында қарсы алған. Қонақжай менеджерге алғыс хат та тапсырған.

Салтанат Абитова, түнгі клуб менеджері:

Оқушылар келді, мектеп мұғалімдері, директорлар да болды. Маған ризашылықтарын білдіріп, алғысхат тапсырды.Оқушылар өз бағдарламаларын көрсетті,флеш-моб ұйымдастырып,мұғалімдерге пародия жасады. Дискотека болды.Тек спиртті ішімдікке  рұқсат берген жоқпыз.Салаттар,ыстық тамақ, тіскебасарлар бәрі қойылды. Барлығы  кешкі 9-дан таңғы 6-ға дейін демалып, көңіл көтеріп қайтты.

Ал, Оралда кешкі көйлек дүкендерінің жұмысы қызған. Мектеп бітірушілер сәуір айынан бастап сәнді киімдерге тапсырыс бере бастаған. Бағалары 50 мың теңгеден басталып, 200 мыңға дейін жетеді. Тігіншілердің айтуынша, ата-аналар қыздарынан ақша аямайды. 

Татьяна Антипова, тігін шебері:

Бізде сатылатын көйлектердің бағасы 50 000 нан  200  000 теңге  аралығында. Өтімділігі жоғары, сұраныс көп көйлектердің бағасы 70-80 мың теңге. Бұл көңілге де, қалтаға да қонымды баға деп ойлаймын. Кез-келген ата-ана баласын қуантқысы келеді. Өйткені 11 жыл оқыған еңбегінің өзі неге тұрады? Сондықтан олар баласынан ақшасын аямайды.

Ал, Шымкент қаласында биыл мектеп оқушыларының көлік шеруіне тыйым салынды. Білім бөлімі қала басшылығына осындай ұсыныс жасаған. Шаһар әкімі Ғабидолла Әбдірахымов түлектерге дәмханалар мен мейрамханаларда ішімдік берілмеуін де қатаң қадағалауды тапсырды. 

Ғабидолла Әбдірақымов, Шымкент қаласының әкімі:

25-і ешқандай автомобиль, лимузиндермен шеруге рұқсат жоқ. Енді қазіргі жастар бәрін түсінеді ғой. Егер де оларға түсіндіріп айтса, ешқандай жағдайға кедергі жасамайды.

Халық арасында да шымкенттіктермен пікірлес азаматтар көп. 

Қаршыға Игенов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Түлектер кеші болсын, мектептің тіпті  4-класс бітіргендеріне дейін кәдімгідей үлкен ғып, той ғып өткізіп жатыр. Бізде сондай нәрселер көп болып кетті. Бір шағын ғана нәрсені той ғып өткізу салт боп кетті. Негізі бұл үлкен шығын.

Әділбек Құмар, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Соңғы жылдары осы мектеп түлектері кешін мектепте өткізуге тыйым салынды. Сол себепті қазіргі таңда бұрыңғыдан да асып кетті. Неге десеңіз, кафе, тойхана дегеніңіз балалардың одан сайын желпініп желігуіне әкеп соғады. Білім басқармасы, білім мекемелері мектеппен қоштасуды мектепте өткізу керек деп ойлаймын.

Жапонияда түлектерге мектеп формасын кию міндеттелген. Сәнді көйлек, той дегенге рұқсат жоқ. Көрші Қырғызстанда да бітіру кешін түнде өткізуге тыйым салынған. Ал біз барды шашатын, бірақ мағынасы жоқ тойшылдықты дәріптеу арқылы балаларды да өзіміз сияқты несиеге той жасайтын, жалған ұяттың жетегінде жүретін тобыр еткіміз келетін тәрізді...       

Айжан Қуаш, Айзада Төребекқызы, Шарипа Сақтапова, Еркін Қарин «Біздің Уақыт».