Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Павлодар өңірінде бір отбасы ағайынды бес баланы бауырына басты

AstanaTV
19.05.2017ж. 20:00
3730
Павлодар өңірінде бір отбасы ағайынды бес баланы бауырына басты

Павлодар облысында бір отбасы балалар үйіндегі ағайынды бес баланы бауырына басты. Ата-анасынан айрылып, жылға жуық арнайы мекемеде тәрбиеленген балғындар енді шаңырақ шаттығына бөленбек. Бұл - елімізде жаңа енгізілген қабылдаушы отбасы жобасы аясында мүмкін болған.

Бір күнде көп балалы отбасыға айналған Мороз әулетінің әр кеші - шағын концерт. Үйдің ортаншысы Клава жаңа ата-анасы мен бауырларына арнап сүйікті әндерін шырқайды.

Бұл қадамға бармас бұрын Мороз отбасы көп ойланған. Ұл-қызымыз есейіп, жан-жаққа кеткен соң, кең үйіміз қаңырап қалды,-дейді. Ақыры ерлі-зайыптылар бала асырап алуды ұйғарады. Ата-анасының ниетін туған балалары да қолдапты.

Тамара Мороз, Розовка ауылының тұрғыны:

Біз бұдан қорыққан жоқпыз. Өйткені екеуміз де көп балалы отбасынанбыз. Сондықтан үлкен арманымыз орындалды. Меніңше, ағайындыларды бөлмей, түгел асырап алу маңызды. Олардың бір-біріне деген туыстық қатынасы нығайып, тетелес өседі. Балалар келгелі бері - өміріміз қайта жаңғырғандай. Жасарып кеткендейміз.

Таня - үйдің үлкені, 10-шы сыныпта оқиды. Сондықтан өзіне артылған жауапкершілікті жақсы түсінеді. Енді ол Тамара анасының қолғанатына айналған. Ас әзірлеу, үй жинау, кішілерге бас-көз болу. Жаңадан басталған отбасылық өмірде өзіндік күн тәртіп те қалыптасыпты.    Татьяна Старухина, Розовка ауылының тұрғыны:

Таңертең тұрғаннан-ақ көңіл-күйіміз көтеріңкі. Бір-бірімізге қайырлы таң тілесіп, бәріміз мектепке асығамыз. Алғашқы күндері бізді бәрі құттықтады. Жағдайымызды сұрап, жақсы болсын деген тілекшілер көп болды. Үйлеріңе қонаққа келейікші дейтіндер де жетерлік. Бәрін шақырып жатырмыз! 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Мороз отбасы асырап алғанға дейін балалар Розовка ауылындағы осы отбасы үлгісіндегі балалар үйінде тұрған. Валя, Таня, Клава мен Саша соңғы бір жыл бойы осы бөлмеде тұрыпты. Тәрбиешілердің айтуынша, қыздар шетінен тәрбиелі және адамдармен тез тіл табысып кететін өте бауырмал көрінеді.

Ағайынды бесеу өнерге өте жақын. Валя мен Клава ән шырқап, би билейді. Саша әлі кішкентай. Бірақ оның да музыкаға икемі бар,- дейді мұндағылар. Ал, Гена болса, спортты ұнатады. Болашақта ел чемпионы болуды армандайды.  

Дариға Темірханова, Розовка ауылындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиешісі:

Бесеуін алып кетеді дегенде жүрегіміз қатты ауырды. Оларға бауыр басып қалдық. Өте жақсы, тәртіпті балалар. Алыстап кеткен жоқ қой, Сондықтан жиі бір-бірімізге қонаққа барып тұрамыз. Балалар үшін қуаныштымын.

Білім басқармасының мәліметінше, Мороз әулеті - аймақтағы екінші қабылдаушы отбасы. Алдағы уақытта тағы төрт жанұя ата-ана құқығынан айрылған ағайынды балаларды қамқорына алуға құжат әзірлеуде.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ