Елорданың алты бірдей аумағанда жаңа жылдық шыршалардың шамы жағылды. Қала бойынша үлкен шыршаның бірі ЭКСПО аумағына қойылды. Биіктігі – 23 метр. Сондай-ақ қалашықта мұз айдыны мен сырғанақтар ашылды. Тұрғындар мен қала қонақтары шағын архитектуралық композициялар жанында суретке түсіп мәз-мәйрам.
Экспо маңын шынымен кішігірім жаңа жылдық ертегі қаласы дерсің. Бүлдіршіндерге арналған түрлі ойын-сауық құрылғылары да іске қосылған. Мерекелік шырша шамы жанған соң айнала тіпті жарқырай түсті. Оны тамашалау үшін отбасымен келгендер көп.
ГҮЛЖАХАН ҚАБЫЛБЕКОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тараз қаласынан келдім. Осында менің немерелерім тұрады. Сол немерелеріме мына 2024 жыл ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын деп немерлеріме қыдырып келген жайым бар Астанаға. Безендірулер жақсы шыршаның сегіздегі жағылуына үлгеріп келдім немерелерім айтқасын.
Әсіресе, бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Мерекелік шараға Аяз ата да келді. Көпшілікті құттықтап, түрлі ойындар ойнатты.
Есіл ауданы бойынша «Бәйтерек» монументінің жаны, «Нұр Жол» бульвары, Мәңгілік Ел даңғылы желілік саябақта және «Ұлытау» сквері сияқты орындар шағын сәулет нысандарымен, инсталляциялармен безендірілді. Сондай-ақ «Пригородный» тұрғын алабында 10 метрлік шырша шамы жағылып, аюлар мен жұлдыздар түріндегі шағын сәулеттік формалар қойылды.