$524.02 €545.19 ₽5.09
×

Атыраулық шаруалар мал азығына субсидия беруді талап етті

19.12.2024ж. 20:00
109
Атыраулық шаруалар мал азығына субсидия беруді талап етті

Атырау облысында мал азығына субсидия беруді талап еткен шаруалар әкімдікті жағалап жүр. Айтуларынша, жем-шөптің бағасы қалтаны қағып тұр. Оның үстіне құрғақшылықтан шабындық шығымы нашар. Қарызға белшеден баттық деген малшылар мал азығына субсидия бермесе, төрт түліктің күйі қашып, қыстан шығуы мұң болады ,- дейді. 

Облыстың түкпір-түкпірінен жиылған шаруалардың жалғыз талабы бар. Ол – мал азығының субсидиясын тоқтатпау. Айтуларынша, аймақта жауын-шашын аз болып, «тіс шұқитын» да шөп шықпаған. Оның үстіне көктемгі су тасқынынан шабындықты су басып, құнарынан айырыпты.

МӘДИ МҰРАТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Жылда субсидия беріліп отырғаннан кейін біздер керекті материалдың бәрін оның ішінде шпагат жіп, қосалқы бөлшек, жанар-жағар майдың барлығын қарызға алдық, былай алдық, банктен несие алдық, ертең осымен төлейміз ғой деп. Жеміміз жоқ, қыс ерте басталып кетті, кеше декабрьден бастап мал тұрды.

ӘСЕМҒАЛИ ҚУАНЫШЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біреу жемін алу керек, біреу шөбін алу керек. Бәрі осыған қарап қалған адамдар. Сол енді субсидия күтуде.

Аймақтың бірнеше шаруа қожалық иесі жем-шөп субсидиясы мәселесімен арнайы Астанаға барған. Жауапты министрлік өкілдері табиғи ерекшеліктеріне байланысты субсидия беру және бермеу туралы шешім қабылдауды Атырау, Ұлытау, Маңғыстау және Қызылорда облысындағы әкімдіктің өздеріне қалдырыпты. Содан соң төрт түлік бағбандарында үміт оты оянған еді. Алайда билік қолдарына тиген аймақ атқамінерлері бірден берілмейді ,- деп шорт кесті.

ЖАСҰЛАН БИСЕМБИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бекітілген ережеге сәйкес, мал азығын субсидиялау бірқатар өңірдерде тиісті бюджеттік қаражаттың болған жағдайда деп көрсетілген. Біздер 13-желтоқсан күні облыстық мәслихатта 24 жылғы соңғы нақытлау мен 25-жылғы бюджет бекітілді депутаттармен кеңінен талқылана отырып.. бізде субсидия көп. Именно мал азығына келген мәселе бойынша қазіргі бекітілген бюджетте бұл қаражат жоқ. сол себепті де біз мал азығына қатысты субсидия бөле алмаймыз.

Жасұлан Бисембиев бұған дейін Құрманғазы ауданындағы Азғыр аймағына желтоқсан айында төтенше жағдай жариялауға уәде еткен еді. Алайда жыл аяғы таяса да түрлі кедергілерді сылтау етіп, сөзінде тұрмапты.

АСЫЛЖАН САБЫРҒАЛИЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ ЖЕТЕКШІСІ:

Желтоқсанның басында береміз деген. Кеше облыс әкімі ауылға барып жиналыс жасап, ауыл әкімі 97 пайызға дайынбыз деп есеп беріп отыр. Өтірік ақпар беріп отыр. Халықтың әлі жартысынан көбі алған жоқ дұрыс шөбін. Халықтың көбі беріледі деген соң қарызданып, қауғаланып алды ғой шөпті әркімнен. Оның бәрінің шығынын өтеу керек.

Мемлекет қолдауынсыз мал шаруашылығы тұралайды. Оның соңында аймақты сапалы өніммен қамту мәселесі тұр деп шырылдаған шаруалар шешімді өзгертуге тырыспақ.