$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Қазақстан араб елдері үшін халал хаб бола алады

AstanaTV
22.05.2017ж. 20:00
3088
Қазақстан араб елдері үшін халал хаб бола алады

Қазақстан араб елдері үшін халал хаб бола алады. Мүндай мүмкіндіктер «қазақ-араб бизнес форумында» айтылды. Астанаға 60-қа жуық араб кәсіпкерлері келіп инвестиция құюға ниетті. Тараптар екі елдің сауда-экономикалық әлеуеті зор, бірақ байланыс тиісті деңгейде дамымай отыр дейді.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Бір қызығы, Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері ұлттық киімдерін киіп келген жоқ. Бәлкім, есеп-қисапты бірінші орынға қоятын кәсіпкерлер болғасын ба? Қалай дегенмен, қос елдің бір-біріне қығушылығы зор. Ә дегеннен  бірлескен бизнес кеңес құру бойынша меморандумға қол қойды. Бүгінде қазақ елінде араб капиталымен жұмыс жасап жатқан 200-ден астам бірлескен кәсіпорын бар. Бұл санды арттыруға ниетті тараптар. 

Ең алдымен біз арабтарға не бере аламыз? Бірінші азық-түлік. Әмірліктер ет пен дәнді дақылдар, жасымық сынды бұршақ тұқымдас өнімдерді сұрап отыр.

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Өте үлкен қызығушылық ауыл шаруашылығына және тамақ өнеркәсібіне. Өйткені Араб Эмираттарының, басқа да араб елдерінің тағам жағынан қауіпсіздігі - оларға үлкен сұрақ. Екіншісі - мұнай-газ саласы. 

Қазақ елі үш бағытқа ерекше мән беріп отыр. Біріншіден, сауда айналымын арттыру. Одан соң, инвестициялық әріптестікті кеңейту. Сонымен қатар Қазақстан аймақтық инвестициялық, көлік-логистикалық хабына айналуға ниетті екенін айтты инвестициялар және даму министрі.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриалдық аймақ жұмыс істеп тұр. Бізге Біріккен Араб Әмірліктерінің индустриалды аймақтарды дамытудағы тәжірибесі қызық. Сондықтан кейбір аймақтарды әмірлік компанияларының басқаруына бере аламыз.

Ал «Атамекен» өкілі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, болашақта Қазақстан араб елдерінің халал хабына айнала алады.

Хумаид Бен Салем, БАӘ сауда-өнеркәсіп палатасы федерациясының бас директоры:

Халал тағамдар біздің қызығушылығымызды туғызып отыр. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның экономикасына  ауқымды инвестиция құйды. Бізге әлі де авиациялық байланысты жақсарту керек. Тікелей ұшатын рейстерді дамыту қажет. Және тауар тасымалын әуемен ғана емес, теңіз және құрлықпен де жеткізу жолдарын қараймыз.

Әмірліктер қазақ елімен өзара сауда-саттық бойынша Таяу Шығыстағы елдер арасында бірінші орында. Тауар айналымы 2016 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе артқан. Ал Тәуелсіздік алған кезден бастап Әмірліктерден Қазақстанға келген тікелей инвестициялар 2 млрд долларға жетті. Ал Қазақстан мұсылман елінің экономикасына 900 млн доллардан астам қаржы салды, - деп атап өтті министр Жеңіс Қасымбек.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Қазақ елі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бұл бизнес форумы қанша инвестиция алып келеді, бізге қандай пайда түседі? Нақты сандарды ешкім айта алмады. "Бұл кездесу келіссөздер жүргізу, меморандумдарға қол қою деңгейінде", - деп атап өтті «Атамекен» палатасы. Қазақстан тарапы әдеттегідей шетелдіктерді жекешелендіру науқанынан қалыс қалмауға шақырды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ