Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда ірі көлемде алаяқтық жасағандар әшкереленді

AstanaTV
23.05.2017ж. 20:00
3394
Алматыда ірі көлемде алаяқтық жасағандар әшкереленді

Алматыда көптен бері алаяқтық әрекетпен айналысып, бөтеннің мүлкін өз мақсатына пайдаланған адамның үстінен сот процесі жүріп жатыр. Ол таныстарына банктен арзан бағаға көлік шығарып беремін деп алдап, ақшасын алып отырған. Келтірген шығыны 180 млн теңгеден асады. Жәбірленушілер бұл үлкен қылмысты жалғыз адамның жасамағанына сенімді. Сондықтан алдын ала тергеудің әділдігіне күмәнмен қарап отыр. 

Адамдардың сеніміне кіріп, бір жыл ішінде ондаған адамды тақырға отырғызған Қуанышбек Мәкеновті полиция наурыз айында құрықтаған. Тергеу барысында оның үстінен 27 адам арыз жазды. Әрқайсысына 1 млн мен 30 млн теңге арасында шығын келген. Ол "банктен арзан бағаға көліктер алып беремін" деп алдын ала жарты ақшасын алып, елді сан соқтырып кетіп отырған. 

Нұрхан Амангелді, күдіктінің адвокаты:

Мұнда көптеген ашылмаған фактілер болып тұр. Менің талап арызымды сот тыңдаса, іс басқаша өрбуі мүмкін. Ол жігіт кінәлі бола ма - ол белгісіз әлі.

Адвокат бұл қылмыстың артында өзге де адамдардың тұрғанына сенімді. Алаяқтық әрекетке барған адам көлікті прокатқа беретін компаниялармен, автомобильдерді есепке қоятын мемлекеттік мекемелермен және нотариустармен байланысы болуы мүмкін. Бұл пікірді жәбірленушілер де қуаттап отыр.

Махамбет Сүлейменов, жәбірленуші:

Жалған сенімхат жасалған. Кызыл полядағы ГАИ-ден есептен шығарылған. Менің атыма сосын тағы бір сенімхат жасалып, көліктің сериясын қалдырып, номерін облыстық етіп жасап шағырып жіберген, қалай шығарған.

Көліктердің банктен емес машинаны прокатқа беретін компаниядан алынып жүргені белгілі болады. Осындай мекеменің жетекшісі Андрей Гаврасов та Қуанышбек Мәкеновтің үстінен шағым жазған. Ол алдын ала тергеу барысында айыпталушының компания гаражында тұрған 20-дан астам көлікті өзгелерге сатып жібергенін айтқан. Бірақ машинаның жаңа қожайыны оны есепке қойған сәтте, Андрей Гаврасов полицияға шағымданып, көліктерді өзіне қайтарып алып отырған.

Қуаныш Алтаев, жәбірленуші:

2016 жылы 28 желтоқсанда Гаврасов машинаны өз атына тіркеген. Оны қандай жолмен тіркегені маған жұмбақ. Себебі көлік менің үйімде тұрған ол кезде. ЦОН-дағылар қайда қараған, ГАИ қайда? Жоқ машинан біреудің атынан екінші біреудің атына өтіп жатыр. Ол кезде мен 2,5 млн теңгені беріп, жарты ақшасын, машина менде үйде тұрған.

Көлікті жалға беретін мекеменің кеңсесі қазір құлыптаулы тұр. Ал сотқа  жәбірленуші ретінде қатысуы тиіс компания басшысы телефон арқылы өзінің ауырып жатқанын айтты.

Қуаныш Алтаев, жәбірленуші:

Сұрақ Гаврасовқа арналады. Өткенде сот оған міндеттеген, келісімшарттарды алып кел деп. Ол бүгін келмей қойды, неге екені. 

Сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін. Қазір жәбірленушілер сұралып жатыр. Олардың саны алдағы уақытта өсе түсуі мүмкін. Күдіктінің адвокаты келтірген мәліметке сай, шығынның көлемі 180 млн теңгеден асып жығылады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындап отыр. Ал жәбірленушілер бұл істің артында үлкен қылмыстық топтың тұрғанына сенімді. Сондықтан олар соттан нотариус, Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мен көлікті жалға беретін мекемелердің өкілдерінен жауап алуды талап етіп отыр. Енді сот процесі 29 мамырда жалғасады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ