Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«ҚазАгро» ұлттық холдингі егін егу жұмыстарына 60 млрд теңге бөлді

AstanaTV
24.05.2017ж. 20:00
3653
«ҚазАгро» ұлттық холдингі егін егу жұмыстарына 60 млрд теңге бөлді

Егістік алқаптарда дән себу науқаны қызу жүріп жатыр. Үкімет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында бірлесіп қызмет жасай бастаған кооператив жұмыстары да жүйелі. Биыл «ҚазАгро» ұлттық холдингі дала жұмыстары үшін шаруаларға 60 млрд теңге қаражат бөлген. Жеңілдетілген қолдау қаржының үстемақысы 6 пайыздан аспайды. Мүмкіндікті тиімді пайдаланған шаруалар тіпті бұрын егіп көрмеген дақылдардан да пайда көрмек ниетте.

Ақмола облысындағы «Даниловка и К» серіктестігі ауылшаруашылық өндіріс кооперативтерінің құрамына енген шаруа қожалығы. Кооператив енді ғана құрыла бастаған кезде кей бір азаматтар сенімсіздік танытып шығып та кеткен. Алайда, ісі өрге басқан ұжым нақты жоспардың арқасында биыл мол өнім алуға ниетті. Ғалымдармен ақылдаса отырып, теріскейде бұрын соңды егілмеген бұршақ тұқымдас және жемшөп дақылдарын еккен.

Айбат Есентұров, «Даниловка И К» ЖШС директоры:

Шаруашылық, жалпы айтсақ, 10 мың га-ға егістік себеді. Оның 6 мыңы бидай, 2 мыңы лен майлы дақылы, одан кейін чечевица себеміз 700 га, 1000 га арпа себеміз. Биыл соя деген өсімдік егіп жатырмыз, сосын софлор деген.

Бұл өнімдерге Қытай мен Үндістан тарапынан сұраныс жоғары. Шаруалар экспорттау жайын да ойластырып жатыр. Бұл шаруадан бөлек, құжат жинау, жанармай, құрал-сайман мәселелерін шешуді де  кооператив басқармасы мойнына алады. Шаруалар тек егу жұмыстарымен ғана айналысады.

Талғат Мұқанов, АШК төрағасының орынбасары:

Біз биыл 3 млрд теңге алдық, оның 7 пайызын қайтарып үлгердік. Ертең ол шапқылап жүрмейді, сайман қайда, жанармай қайда, тұқымы қайда, айлықтары қайда деп. Біз оған көмектесіп реттеп отырамыз. Ол бізге өтініш береді, біз істейміз.

Жыл басынан бері көктемгі егіс пен өнім жинау жұмыстары үшін 2 мыңға жуық ауылшаруашылық тауар өндіруші жеңілдетілген несие алуға өтініш білдірген. Пайыз мөлшері де былтырғымен салыстырғанда 1,5 пайызға төмен.

Бану Ерғалиева, «ҚазАгро» ұлттық холдингінің басқарушы қаржы директоры:

Егістік жұмыстары аймағында біз 9 кооперативті қаржыландырдық. Ол 182 ауылшаруашылық тауар өндірушілерді қамтиды.

«ҚазАгро» ұлттық холдингі  егін егу жұмыстарына 60 млрд теңге бөлген, оның 9,5 млрд теңгесі шаруаларға жетті, қаржы аса тиімді әдіспен беріледі, яғни жылдық үстем ақысы 6 пайыздан аспайды. Бұл шаруалар үшін зор мүмкіндік. 

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ