Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтаудағы уланған балалардың ісін қалалық прокуратура бақылауға алды

AstanaTV
16.03.2016ж. 20:00
1626
Ақтаудағы уланған балалардың ісін қалалық прокуратура бақылауға алды

Ақтауда екі бала белгісіз заттан уланып қайтыс болды. Қазір балалар жұқпалы аурулар ауруханасында болған жайтты қалалық прокуратура бақылауға алды. Екі бірдей баланың өліміне не себеп болғанын енді сот-дәрігерлік сараптамасы анықтайтын болады.

Қайғылы оқиға наурыздың 13 күні болған. Төрт жастағы Мәриям мен үш жастағы Мүсілім Тимуркаевтар аталған ауруханада қайтыс болды. Бұған балалардың анасы дәрігерлерді кінәлайды. Мәлика Тимуркаеваның сөзінше, балалардың тынысы тарылып, жүрегі айныған. Ал дәрігер олардың асқазанын шайып, дәрі берумен шектеліп, үйге жіберген. Алайда, үйге келгесін балалардың жағдайы қайта нашарлап, ауруханаға жедел жеткізіліпті.

Мәлика Тимуркаева:

Балаларды емдеудің орнына 40 минут бойы қағаз толтырумен болды. Қозғала алмай қиналған балалардың салмағын өлшейміз деп әуреледі. Орнынан тұра алмаған қызымның бойын өлшемек болды. Ал бұл кезде балам көгеріп кетті.

Жансақтау бөлімінде көп ұзамай екі бала да қайтыс болады. Ал дәрігерлер қайғылы жайттың неден болғанын айта алмай отыр. Олар қолынан келгенінің барлығын жасадық,- дейді.

Сара Ермұханова, балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:

Қайтыс болуына әртүрлі себептер болуы мүмкін. Біз оны тап қазір уланып, тамақтың бір әсерінен, белгілерінен болды деп айта алмаймыз. Оны сот медицина экспертизасы шағарады.

Қос құлынынан айрылған ана, сол күні төмендегі көршісі үйді өз бетімен улап, түрлі улы сұйықтықтарды қолданғанын айтады. Өткір иіске жас ағза шыдамады деп болжайды. Мәлика Тимуркаева прокуратураға арыз берді. Ал бөбектердің неден қаза болғанын анықтау үшін, сот медициналық сараптамасы жасалған.  

Еркін КАРИН