Ақыры комментарий берді-ау.Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев зейнетақы қорының күйреген банкке салынған салымына байланысты 10 күннен соң тіл қатты. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржысын дефолт болған Әзербайжан банкіне салу туралы шешімді «Ұлттық банктің өзіне дейінгі басшылығы» қабылдағанын мәлімдеді. «Бағалы қағаздар офшорлық мамандандырылған компания арқылы жабық түрде орналастырылған, Облигацияларды сатып алу туралы шешімді БЗЖҚ емес, сол кезде Ұлттық банкте қызмет істегендер қабылдады», - деді Данияр Ақышев.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банктің төрағасы: Халықаралық банкке құйылған инвестицияның жылдық мөлшерлемесі 8,25 пайыз деп көрсетілген.Ұлттық банк жалғыз инвестор ретінде эмиссияның 100 пайызына иелік еткен. Айта кету керек, бұл шешімді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қабылдамаған. Оған сол кезде Ұлттық Банкті басқарған адамдар қол қойған.
Ал ол кезде Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарып
тұрғаны мәлім. Жұрт қазір ащы мысқылдап қоя салмайды. Жедел «мем» жасап
үлгереді. Ал Ақышев өзінің, егер ресми тілде баяндасақ, Ұлттық банктің 2016 жылы
сәуірде міндеттемесін өтеуді сұрағанын, бірақ банк одан бас тартқанын айтты.
Әзербайжан банкі Қазақстанның бұдан кейінгі өтініштеріне де құлақ аспаған. ҰБ
төрағасы Әзербайжан банкі ірі кредиторлармен кездесуде қайта құрылымдаудың үш
түрлі жолын ұсынғанын айтты. Оның сөзінше, ұсынылған үш жол да шығын келтіріп,
пайдадан қағады. Себебі «қайта құрылымдау - инвесторлар үшін шығын тарту немесе
жағдайдың нашарлауы дегенді білдіреді». Әрбір жұмыс істейтін адам жалақысының
10 пайызын аударатын зейнетақы қорындағы 70 млрд-тан астам теңгенің банкрот
болған банкте жатуы, жатуы дейміз-ау, жоқ болып кетуі өткенде де айттық,
бейнелеп сипаттағанда, «мемлекеттік шкафтарда скелеттер» барын ғана емес,
скелеттердің салдырлап құлап бастағанын көрсетеді.