Негізі күдікті қаржы операцияларын мемлекеттік органдар ғана емес, адамдар да жасайды. Қаржы пирамидалары тағы қаптап кетті. Қарағандыда сондай пирамида құрған Елена Колесникова есімді әйелге байланысты осы аптада сот отырысы басталуы керек етін. Бірақ жалдаған адвокаттарына ақша төлей алмай, олар одан бас тартып, отырыс жылжытылды. Менің таңғалғаным, Колесникованың пирамидасына ақша құйған бір апа, оның алаяқ екеніне ...сенбейді. «Тым жақсы жұртқа көмектесіп жүрген адамды неге соттайды, а?» деп шыр-пыр болған. Ал енді бір апа өзінің, 4 баласының кредит алып тұрып салым салғанын баяндай келе, қазір балаларының несие қарызын төлеймін деп, нанын әзер тауып отырғандарын айтты. Негізі бұл, аңғалдық, қаржы сауатсыздығы ғана емес. Адал еңбекпен мол табыс табу мүмкіндіктерінің аздығы, адам үшін маңызды қажеттілік – баспана алудың өте қиындығы, тіпті коррупция қоздыратын індет. «Бұл неғылған батпан құйрық?» демейтіндер мен сондай адамдарды «бұзаудай» жетектеп кететін комбинаторлар туралы Айжан Қуаш.
Гүлнәр Тарпанбаева, Қарағанды тұрғыны:
Осы Елена Анатольевна үшін Құдайға да жалынамыз.Неге десеңіз, бізге қазір кім көмектесіп жатыр?Халықтың жағдайын кім ашып жатыр?
Қаржы пирамидасының қамаудағы директорының тілеуін тілеп тұрған Гүлнәр апай алданып қалғанын түсінбей жүрген сияқты. Үй-күйі жоқ жалғыз басты ана қорасындағы бар малын сатып, тапқан 1 миллион 700 мың теңгесін «ФинансОптоГрупп» фирмасына салып жіберген. Директоры Елена Колесникова әйелдің ақшасын аптасына 14, айына 56 пайыз өсіммен қайтарам деген. Алайда, бірнеше апта пайда тапқан соң қаржылық ұйым жабылып қалған. Сөйтіп, жесір әйел өмір бойы жиып-тергенінен бір-ақ күнде айырылды. Бірақ ол «мәселе Колесникованы қамап қойғанда, әйтпесе бәрі дұрыс болар еді» деп, тіпті ренжиді.
Гүлнәр Тарпанбаева, Қарағанды тұрғыны:
Бар малымды сатып,осы үй алу үшін үмітпен салдым. Көрдіңіздер ме? Осы 7 ай бойы отыр ғой Елена Анатольевна.Сол 7 айдың ішінде мен үй алып алар едім. Қаншама адам үй алып,жағдайларын дұрыстап алар еді. Бір келіншек той жасады. Апрельде. Тойына көмектесті. Әкесінің үйін жөндеп берді. Газелін берді. Қараңыздаршы осындай әйел. Қаншама адамға жағдай жасап отыр. Оны неге жауап тастады?Неге қамап отыр оны?!
Айжан Қуаш, тілші:
Осылайша, Елена Колесникова қазақтың бір-ақ тойында жарнама жасау арқылы небәрі жарты жылда 1 жарым мыңға жуық адамнан 3 млрд теңге жинап үлгерген. Бір қызығы, күнде адамдар топырлап тұратын қала ортасындағы мына кеңсе еш күдік туғызбаған. Ол 6 айдан кейін прокурорлар жапқанда ғана жұмысын тоқтатты.
Негізі «ФинансОптоГрупп» серіктестігі құрылыс қызметтерін көрсететін фирма ретінде құрылған. Бірақ тергеу орындары Елена Колесникованың ондай кәсібі жоқтығын, бұған дейін ыдыс-аяқ сатумен айналысқанын анықтаған. Оған ҚК-тің 217-нші, яғни «аса ірі мөлшерде ақша тарта отырып, қаржы пирамидасын құру және басқару» бабымен айып тағылды.130 томдық іс сотқа 7 айда әрең жетті. Алғашқы отырыс өткен сейсенбіде кейінге қалдырылды. Колесникова жалға алған қорғаушыларына ақы төлей алмай, ақыры мемлекеттен қорғаушы сұрады.Құқық қорғау орындары алаяқтың есепшотынан небәрі 120 млн-нан астам теңге тапқан. Бұл халыққа келген шығынның бір шетін де жаба алмайды.
Саржан Сабыр, Қарағанды қаласы, Октябрь аудандық прокуратурасының бөлім бастығы:
Айтып өтырған сөзі менің бар ниетім кәсіпкерлдікпен айналысу дейді.Енді кәсіпкерлікпен айналысса, ешқандай бір келісім,ешқандай бір кәсіпкерліктен түскен қаражат жоқ. Меншігінде болған енді 4 автокөлік,ыдыстар тағы басқа заттар 4 млн көлемінде. Залал 1 жарым млрд-тан асады. Ешқандай доход жоқ. 10-ын да өтей алмайды.
Алданғандардың көбі зейнеткерлер. Рымжан әжей өзі кіргенімен қоймай, бүкіл бала шағасын несие алып ақша салуға көндірген.
Рымжан Мұхамеджанова, Қарағанды тұрғыны:
Мен 100 мың кредит алдым.Балаларым млн-дап алды.4 балам алды кередитті.Ал, қазір сол кредиттерін зарплатамен жауып отыр.Өздеріне тамаққа да жоқ. Өздерінің барлығының балалары бар. 3-тен, 4-тен.
Соған қарамастан жеңіл пайдаға құныққан жұрт Елена Колесникованы қамауға қарсы шығып, прокуратураға дейін барған. Тіпті, жапа шеккендердің 40 пайызы арыз жазудан бас тартқан.
Саржан Сабыр, Қарағанды қаласы, Октябрь аудандық прокуратурасының бөлім бастығы:
Жалпы адамдардың бас бұрып,бұған сеніп отырғандары жеңіл жолмен ақша табу. Орыстар айтады ғой «бесплатный сыр только в мышеловке» деп. Қазір ондай жалған фирмалар көп.
Жуықта Қызылорда қаласында сондай фирма күдікке ілінді.Шетелдік компанияның өкілдері ғаламтор арқылы халықты 90-нан 20000 евроға дейін салым салып, жылында 336 ал, аптасында 7 пайызбен пайда табуға үгіттеген. Тіпті, салынған инвестиция бір жылда 3 еселенеді. Мұндай ертегімен халықты алдағандар тергеліп жатыр.
Жасұлан Еламанов, Қызылорда облысы прокурорының орынбасары:
«Questra Holdings Inc.»компаниясынан қаржы пирамидасының барлық белгілері анықталды. Қызылордадағы кеңсесінен гаджеттер мен ноутбуктар тәркіленіп, бірнеше кеңесші тергеліп жатыр. Екі қылмыстық іс қозғалды. Компания Қазалы ауданынан 2 жүз, Жаңақорғаннан жүзден астам адамнан ақша тартқан.Тәркіленген техникаларға сараптама жасалып біткен соң айыпталушыларға нақты шаралар қолданылады.
Өскеменде бір топ журналист Questra World компаниясының алаяқ фирма екенін анықтаған.Оның негізін салушы 26 жастағы ақтөбелік жігіт. Әріптестерімен бірге түрлі қызметтер тізімінен тұратын мобильді қосымша ойлап тапқан. Тіпті дербес валютасы да бар. Қосымшаға кіргендерден ақша алып, алдымен ұпай беріп, кейін жеке валютасын сатады. Ақшаны көбірек салғандарға пайда шаш етектен деп сұңқылдайды.
Оксана Приведенная, «Рудный Алтай» газетінің бас редакторы:
Бұл компанияның Семейде үлкен кеңсесі бар. Тренингтер өткізеді.Онда әңгімелесу барысында адамдардың көзіне қарау, қолынан ұстау, яғни сеніміне кіру үшін жақын тарту үйретіледі. Біз барлық материалды прокуратураға жібердік. Құқық қорғаушылар бұл нағыз қаржы пирамидасы деген баға берді. Бірақ,адамдар оны түсінбейді. Ақшаларын бәрібір соларға апарып салады.
Экономистердің айтуынша, осылардың басты себебі - қаржылық сауаттылықтың төмендігі.Ал, Қазақстан халқының көбі сол топқа жатады.
Нұрлан Рақымбаев, экономист-сарапшы:
Өкінішке орай, елімізде не мектепте, не университетте қаржылық сауаттылыққа үйрететін пәндер оқытылмайды. Шын мәнінде бұл күн сайын кездесетін проблема. Тіпті отбасындағы қарым-қатынасқа дейін әсер етеді. Мемлекет осыған көңіл бөлуі керек. Екіншіден,өз тауарын,қызметін дұрыс ұсына алатын ірі компаниялар өздерін көбірек жарнамалауы тиіс. Мысалы, халықтық IPO өткізу секілді жолдармен.Сонда жаңағыдай пирамидаларға ұрынатындар азаюы мүмкін.
Сарапшының айтуынша, қаржы пирамидасын анықтау қиын емес.
Қаржы пирамидасының белгілері:
-Салым есебінен жоғары табыс
-Кіріс банктердікінен жоғары
-Таныс адамдар арқылы жарнама жасау
-Жаңа қатысушылар шақыру
-Салымшылар арасындағы мансаптық сатыда жылдам көтерілу
-Онлайн ойындар арқылы ұпай жинау
-Компанияның қаржылық жағдайы құпия
-Компанияның табыс көзі мен қызметі белгісіз
Негізінде қаржы пирамидасына тыйым салатын, оны құрғандарды заңмен жазалайтын бап бар. Соған қарамастан 10-15 жылда қаржы пирамидасына қатысты 60 іс қозғалған. Заңгерлер құқық қорғау орындары саңырауқұлақша қаптаған фирмалардың іс-әрекетін үнемі тексеріп отырмайынша, мұндай оқиғалар азаймайды деп отыр.
Жасұлан Айтмағамбетов, «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы:
Жаңа фирмалардың ашылуына ешкім тосқауыл бола алмайды.Дегенмен,олар бастапқыда белгілеген қызмет түрлерін көрсетіп жатыр ма, жоқ па, соны бақылаған жөн. Құқық қорғау орындары,құзыретті мекемелер сақ болуы тиіс. Кәсіпкерлерді көп тексеруге тыйым салғанмен, мүлде босаңсытуға болмайды. Тексеру болу керек.
Мамандар күмәнді фирмалар дағдарыс кезінде қаптайтынын ескертеді. Дәл осындай уақытта халық та кез келген пайда көзін іздей бастайды екен. Ал, бұл алаяқтардың басты қаруы. Сондықтан Мысырдағы пирамидалар ғана құламайтынын есте сақтау қажет. Ал бәрібір құлап тынатын қаржы пирамидаларының алғашқы салымшылары ғана табысқа кенелетіні бүкіл дүние жүзінде дәлелденген.
Айжан Қуаш,
Шарипа Сақтапова, Ирина Якунина, «Біздің Уақыт».