$544.87 €639.02 ₽6.88
×

«Біздің жігіттер». Ақсақалды денешынықтыру пәнінің мұғалімі соққыға жыққан.

AstanaTV
27.05.2017ж. 20:00
4092
«Біздің жігіттер». Ақсақалды денешынықтыру пәнінің мұғалімі соққыға жыққан.

Ақтөбеде мектеп мұғалімі пайғамбар жасынан асқан ақсақалды таяққа жықты. Қазір 64 жастағы Жүсіп Бигелов облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем алып жатыр.

Оқиға былай болған: жекеменшік автобусы бар қария Мәртөк ауданы, Хлебодар ауылының дене шынықтыру пәні мұғалімінің өтінішімен, бір топ баланы Саржансай елді мекенінен Жайсаң ауылына дейін апаруға келіскен. Жастар сол ауылдағы футбол жарысына қатысуға барған. Жүсіп Бигелов оларды айтқан жерлеріне апарып, ойын біткенше 5 сағат бойы күткен. Ал, қайтар жолда ...сотқар мұғалімнің сойқаны басталады. Ол басында келіскен Саржансай ауылынан түсуге қарсы болып, өздерін Хлебодарға дейін жеткіз деп бұйырады. Қария ол жаққа бара алмайтынын айтқанда, жуан жұдырығын ала жүгірген. 

Жүсіп Бигелов, Мәртөк ауданының тұрғыны:

Давай айдайсың Хлебодарға»,- деді. Оу, айналайын, апара алмаймын ғой, ырза бол, қызық екенсіңдер, шалды зорлап, деп ем, аузымды жапқан жоқпын, салып жіберді. Содан талып қалыппын. Мәшин кеткендей болды,аударылып. Миым айналып кетті. Есімді жисам, тағы ұрайын деп тұр екен. Мен машина аударылып қалды деп жүрмін. Жан керек қой жалмауызға да, міндім де, есікті кілттейін деп жатыр ем, оған қойған жоқ. Нән жігіт, здоровый. Есікті ол бері тартты. Сүйретіп өлтіріп тастайын деген-ау деймін. Ана балалар көмектесіп, ананы кейін тартады. 5-6 бала, қойсайшы деп. Қоятын емес. Құдай жарылқап, машинам оталып кетті. Қашуым керек қой, қашып кеттім.

Жүсіп Бигелов ішкі істер бөліміне арыз жазған. Бізге белгілісі, қарияны сабаған мұғалім 10 жылға жуық уақыт бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Хлебодар ауылындағы мектепке жұмысқа тұрған.  Дегенмен, ұстаз деген ұлағатты мамандыққа кір келтіріп, бұған дейін де әдепсіз әрекеттерімен ауылдастарына танылып үлгергенге ұқсайды. Оны мектеп директоры да растап отыр. Тіпті, мектепке ішкиіммен келгені үшін  қызметінен уақытша аластатылған. Алайда, сотқар мұғалімнің әкесі аудандағы дөкейлердің бірі екен. Сондықтан ол талтаңдап әлі жүр, дейді мектеп директоры. 

Әділбек Тәжібай, Ақтөбе облысы, Хлебодар орта мектебінің директоры:

Егер жәбірленуші шағымданатын болса, құқық қорғау органдары  шешеді, бұл мәселені. Егер шағымданған жағдайда тергеу амалдары жүрсе, сол кезде анықталады. Маған официально хабарлайтын болса, мен  жұмыстан шығарамын. Бұрын бұл жігітті 2015 жылы жұмыстан шығардым. Еңбек кодексінің 54-бабы, 1-тармағы  бойынша. Бірақ  сол сотқа шағымданды, соттың шешімімен жұмысқа қайта қосылды.

Бас-көз жоқ, жұдырық ала жүгіру деген біздегі масқара әдеттердің біріне айналды. Жақында әлеуметтік желіде көше бойында бір жігіттің өзінен үлкен кісіні соққылап жатқаны бейнеленген жазба тараған. Кейін анықталғаны - әдеттегідей, олар жолда текетірескен – «жолды кесіп өту» оқиғасы. Оқиға Астанада болған, жігіттің кім екені анықталып, ішкі істер департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Артынша таяқ жеген кісі да табылып, ол арыз жазудан бас тартты. Осындай, «біздің жігіттер» - көресіні көрсетеді...