Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Итті өлтірген ...ветеринарлар ма? Жалпы, қазір кім «ит», өзі?

AstanaTV
27.05.2017ж. 20:00
12050
Итті өлтірген ...ветеринарлар ма? Жалпы, қазір кім «ит», өзі?

Алматыда Түріксіб аудандық ішкі істер басқармасы «Ветеринария орталығына» қарасты машинаның жүк салғышынан өлген хаски тұқымдас иттің табылғанына байланысты «жануарға қатыгездік көрсету» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Ал иттің иесі 19 жастағы бойжеткеннің көз жасы құрғар емес. Ол итінің ұрланғанын айтады. Жанұшырып іздеген. Ақыры ветеринария орталығынан ...өлі күйінде тапты. Орталықтың директоры, аңдарды аулайтын қызметтің бастығы және көлік жүргізушісі қызметтерінен шеттетілді. Бұралқы, қаңғыбас иттердің өзін атып өлтіру жантүршігерлік нәрсе. Ал адамның досын... 10 жылдан аса үйімізде рекс деген итіміз болды. Сол ажалы жетіп, өлгенде... Т.Молдағалиевтің «Рекске» деген өлеңін жұбаныш еткем. Сенесіз бе, рекс әлі күнге түсіме кіреді.

Әлеуметтік желілерде жабайы аңдарды қорлау көріністері де тарайды, мысалы, жақында қасқырды дәу джиппен қуып жүріп жаныштағандардың видеосы тараған, қарап отырып, төбе шашың тік тұрады. Не деген жауыздық? Агрессия тұманы жайлаған қоғамдағы енді үні шықпайтын хасктің есеңгіреп қалған иесімен Айгүл Ермахан кездескен. 

Иттің де іздеушісі бар. Алматылық жануарларды қорғаушылар «Ветеринария орталығының» жұмысына көңілі толмайды. Қаңғыбас иттерді ұстаудың орнына, енді қоршауда тұрған итті ұрлауға көшкен. Бұлай дейтініміздің себебі – апта басында естіген жұрт, Әсем Кеңесбаеваның мұң - зарына ортақтасты. Ол хаски тұқымды итін сәуір айында 50 мың теңгеге сатып алыпты. 4 кішкентай бауырының қорғаушысына айналған сенімді досы жуырда жоғалып кетеді. Үй ішімен екі апта сабылып іздеп, тіпті ветеринария орталығынан да көмек сұраған. Алайда олар асыл тұқымды итті ауламайтындарын айтқан. Алайда ең сорақысы, ұрланған жануар сол ветеринария қызметінің  көлігінен табылған. Күннің ыстығында ауа жетпей тұншығып өлген.

Әсем Кеңесбаева, қала тұрғыны:

Бір күні таңертең көшеде жүрген кезде ит аулайтындардың машиналарын көрдім. Ағалар деген ит көрмегендей қарады итіме. Бірақ мен мән бермедім. Ит болған соң қарайды ғой деп. 3 мамыр  күні таңға жуық итім жоқ вольерден ұрлап кеткен.

Тума-туыстарының үйінен хаскиін таппаған Әсем әлеуметтік желі арқылы іздеуге кіріседі. Осы уақытта өзі сияқты ит іздеген басқа бір қыз иттерді оқшаулау орталығына барады. Итін таба алмаған ару, көлік тұрағындағы жеңіл көліктің жүк салғышында сыртқа шыға алмай  қиналып жатқан итті байқайды.

- Когда мы стояли собака дышала.  Собака уже не дышит. Мы 2 часа стоим тут...

Сөйтіп, ит аулаушылардың қылмысы бейтаныс қыздың арқасында ашылды. Қайсар қызайтқанынан қайтпай, сол жерге полиция қызметкерлерін шақырады. Келген кездегі картина мынау. Әбден әлсіреген мақұлық өліп тынады. Куәгерлердің сөзінше, ветеринария орталығының көлік жүргізушісі бұл ит өзімнің жануарым не істесем де өзім білемін деп, бөскен. Әлеуметтік желі арқылы тараған бұл сурет итін күтіп шаршаған Әсемге де жетеді. 

Әсем Кеңесбаева, қала тұрғыны:

Суретті қарасам мойындағы ошейник, сосын аяғында шрамы болған. Мен соған қарап, содан таныдым итімді. Следователь айтып отыр, ит анау кісінікі, жаңағы машина иесінің иті деп. Ол қалай?Айтыпты, ол менің итім болған, бірақ маған керек емес болды деп. Сосын аты кім десе, аты жоқ болған деп. Ол қалай иттің аты болмайды? Егер шын соның иті болса?

Анар Батырханованың жануарлардың қорғаушысына айналғанына бірнеше жыл. Қайда жүрсе де ауру, болмаса қаңғыбас  иттер мен мысықтарды  құтқарып  қалуды  көздейді. Ал мына жағдайды естіп жағасын ұстағанын айтады. Сап-сау итті ұрлау деген не масқара? Оны азаптап өлтіру сұмдықтың-сұмдығы. 

Анар Батырханова, жануарларды қорғау қорының еріктісі:

Жалпы біз ит аулау ісіне барлық ерікті қарсымыз. Бұл жүйенің жұмыс істеуге құқығы жоқ. Бұл тек менің пікірім емес, жануарға дұрыс қарайтын азаматтардың ой-пікірі. Ең дұрысы - бұл жануарларды ұрықсыздандыру. Оларды көбейту мен өлтіру дұрыс емес.  Көп адамдар ұрықсыздандыру дұрыс емес деп ойлайды. Ал, оларды көбейтіп, сосын көшеге апарып тастаған дұрыс па? Олар қаңғыбас итке айналады. Сосын қаңғыған төртаяқтыларды ит аулаушылар өлтіреді.

Татьяна Токарева,  жануарлар қорғаушысы:

Біз өркениетті елде тұрамыз деп айтамыз. Ал, дамыған елдің қатарынан көріну үшін туризмді дамыту керек дейміз. Туризм дегеннің өзі мәдениет емес пе? Мәдениет дегенде тек адамдарға деген мәдениетті  айтамыз. Ал біз жануарларға да мәдениеттілік танытуымыз керек. Өйткені оларды да қорғайтын біздерміз.  Сондықтан менің пікірімше, жануарларды бағып-қағатын арнайы пана орталығы болуы керек. Қазір иттерді әдейі ұрлайды да, сосын қожайынына сатады. Ол дұрыс емес.

Жалпы ит аулағыштардың төбеттерге аяушылық танытпайтыны жиі айтылады. Қарапайым халық пен жануарларды қорғаушылардан прокуратураға түскен арыз-шағымнан «қалалық ветеринария орталығы»  хабардар. Осыдан бір ай бұрын БАҚ өкілдерін жинап, ит аулаудың «ит тірлік» екенін айтқан. Соған қарамастан кез-келген төбетті үш күнге дейін аман ұстап, иесі табылса ауланған жануарды кері қайтарамыз деген. Қожайыны табылмаған жағдайда дәрінің күшімен ұйықтатады екен. Жалпы қаланы қаңғыбас иттерден тазартуға қомақты қаражат бөлінеді. Мысалы, биылға161 млн теңге бөлінген.Жалпы иттер мен мысықтарды оқшаулау орталығына күніне 120 -ға жуық ит пен мысық әкелінеді.

Салауат Бектемісов, Алматы қалалық ветеринария  орталығының  директоры:

Ит ұстауға бізде анау петля дейді. Баяғы біздің қазақтың әлгі жылқыныұстайтын құрық - сол құрықты ұстаймыз. Бізге енді прокуратураның айтқаны, соның сыртында трос бір жеріне зақым келтіреді, травма келтіреді дейді. Соның сыртын гелевое покрытие жасаңдар деді, оны жасадық. Максимально иттерге зақым келтірмей ұстауға  келіп жатырмыз.

Сөйтіп айтқан кісі Әсемнің итінің өлімінен кейін жұмыстан шектетілді. «Ветеринария орталығының» жұмысына жауапты  қалалық ауыл шаруашылығы орталығы мәселені анықтауға өздері  кіріскен.

Нұрлан  Қарабатыров,  Алматы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Сол мәселе бойынша, кейін белгілі болғандай, ол итті ұстап, өзінің багажнигіне қамап қойған. Одан әрі сату мақсатында. Бізде алдын-ала болжам бар. Қазіргі күні басқармамен тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ит аулағыштың кінәсі дәлелденген жағдайда қандай жауапкершілікке тартылуы мүмкін?

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

Бұл иттің оның автокөлігінің ішінде қалай пайда болғанын, қандай жағдайда оны аулап автокөлікке салғаны енді анықталады. Барлық берген деректер жіті тексерілетін болады. 316 баптың нормалары бойынша айыппұл көзделген. Немесе бас бостандығынан айыру көзделген, 3 жылға дейін.

Айгүл Ермахан, тілші:

Жануарларды қорғау қорының еріктілері  ветеринария  орталығы жануарларды чиптендіру мәселесін қолға алуы керек деп отыр. Сонда жоғалған итті қожайыны тез табады. Әрі бұл төрт аяқтыларды қорғауға мүмкіндік берер еді. Психологтар адамдар арасында қатыгездіктің белең алғанын қазір жиі айтып жүр. Ал, жануарларға деген аяушылық сезім мүлдем жойылғандай. Адам атаулымен өмір сүріп жатқан жан-жануарларды осылай қыра берсек, адам атымыздан айырылармыз?! Айтпақшы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшылығы  қызметкерлерінің ісінен ұялды ма, Әсемге жуырда бір төбет  сыйламақшы. Ал, оған дейін бойжеткенге өзгенің итін құшақтап, мауқын басып жүруіне тура кеп тұр. 

Айгүл Ермахан, Әсет Елембаев, «Біздің уақыт».