Астанада жауын-шашынның көп мөлшерде түскеніне байланысты коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
7 қаңтардан 8 қаңтарға қараған түнде қала көшелерін қардан тазартуға 360-тан астам жол жұмысшысы мен 1200-ден астам арнайы техника шықты. Күндіз қаладан 2763 рейспен 37 мың текше метр қар шығарылды. Жалпы қыс басталғалы бері елордадан 192 051 рейспен 2 499 081 текше метр қар шығарылды., – деп жазылған әкімдік мәліметінде.
Ең алдымен, ережелерге сәйкес, кептелісті болдырмау үшін өте көп жүретін жерлер тазартылады. Сондай-ақ орташа қарқындылықтағы учаскелер-алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар тазаланады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттарының жүретін жерлерін, аялдамалар мен тротуарларды тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар техниканың нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және жарықтандырумен жабдықталған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұрайды.
Сонымен қатар, төтенше жағдай туындаған жағдайда "112" нөміріне қоңырау шалуды ескертеді.