$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Өгей баласын өлтірген әйел ұзақ жылға сотталды

AstanaTV
26.05.2017ж. 20:00
2921
Өгей баласын өлтірген әйел ұзақ жылға сотталды

Алматы облысында 11 жасар баланы айуандықпен өлімге қиған Шәрипа Ақбердиева мен оның сыбайластарына қатысты үкім шықты. Қарасай аудандық сотында бір ай бойы қаралған іс бойынша басты күдікті 25 жылын түрмеде өткізеді. Басқаларына да түрлі мерзімге жаза арқалады. Қылмыс барысында азаптау көріністері болғандықтан, іс жабық түрде қаралды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Сот тәртібі бойынша судья басты айыпталушыға соңғы сөзін айтуға мүмкіндік берген. Шарипа Ақбердиева ұлы Темір мен оның сыбайластарына жазаны күшейтуді сұрады. Олар әйелді қаралап, қарсы түсінік берген еді. Ал қызы Айдананы жүкті болғандықтан, жауапкершіліктен босатуды сұрады. Судья айыпталушыларға 12 жылдан 25 жылға дейінгі аралықта жаза тағайындады.

Берікжан Байжүнісов, судья: 

1997 жылы туған Ақбердиева Айдана Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 125-ші және 132-бабы бойынша айыпты деп танылды. Түпкілікті 16 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орта деңгейдегі қауіпсіздігі бар түзеу мекемесінде өтесін.

Үш бірдей бап бойынша айыпталған Өркеннің өгей шешесі 25 жылын түрмеде өткізеді. Тапсырысты орындаушы, Шәрипа Ақбердиеваның ұлы Темір 23 жыл, досы әрі жиен інісі 17 жыл жаза арқалады. Ал жүргізуші Руслан Мұтәлиев 12 жылға сотталып, оның қылмыс жасалған кезде пайдаланған көлігі тәркіленді. 

Бұл жаза оларға аз. 25 жыл емес. Өмір бойы отырғызу керек еді.

Айжан Қыдырмолданова, Өркеннің туған анасы:

Әйелдерді өмір бойы жаза беру жоқ екен. Сол 25 жылдан артық. Мен осы заңға өмір бойы жазасын өтеу туралы тармақты енгізу керек деп ойлаймын. Ал баласы Темірге 23 жыл бергені аз. Тағы беру керек еді оған деп ойлаймын.

Орман Қайдарбеков, Ш. Ақбердиеваның қорғаушысы: 

Ақбердиевамен жұмыс істеу қиын болды. Ауыр қылмыс. Отбасылық жағдай, адам қаза болған жерде, білесіздер, барлық дүние бар.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қылмыстық оқиға қаңтардың 19-ы  күні орын алған. Мектептен шыққан баланы ұрлап әкеткен топ, оны саяжайлардың бірінде өлтірген. Полиция көп ұзамай қылмысқа барған Өркеннің өгей шешесі екенін анықтады. Сот отырысына баланың әкесі келмеді. Жәбірленуші тараптың адвокаты алдағы уақытта материалдық өтемақы талап ету үшін қосымша арыз дайындауы мүмкін екені айтты.