$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Көші-қон қызметі 24 сағаттық қызметке ауысты

AstanaTV
26.05.2017ж. 20:00
6709
Көші-қон қызметі 24 сағаттық қызметке ауысты

Астана қаласының көші-қон қызметіне күніне кем дегенде 400 шетелдік азамат жүгінеді. Басқармадағылардың айтуынша, ЭКСПО көрмесі жақындаған сайын сырттан келетін қонақтардың саны артқан. Кезек күту мен түсініспеушілік болмас үшін, қазірдің өзінде дайындық шаралары қолға алынды. 

Астанаға ат басын бұрған әрбір шетелдік азаматтың алдымен келетін мекен-жайы -Сейфуллин көшесіндегі 29-шы үй. Мұнда көші-қон полициясы орналасқан. 3 залда 20 терезе арқылы инспекторлар тіркеу жұмыстарын жүргізеді. Жұмыс уақыты қалыпты. Десе де, түнгі ауысымға 3 қызметкер кезекшілікке түседі.

Гүлвира Дөненбаева, Астана ІІД көші-қон полициясы басқармасының басшысы:

Біз тәулік бойы қызмет көрсетуге көштік. Егер қажетті болып жатса, көші-қон полициясының аудандық бөлімдердегі мамандарымен қоса есептегенде 75 адам тіркеуге қою талабын меңгерген. Сәйкесінше, халық көп келетін болса, біз кезек күттірмей құжаттарын рәсімдеуге дайынбыз. 

Уақытша тіркеуге келген Антон Иванов - Ресей азаматы. Қазақстанда 2 ай жұмыс бабымен тоқтамақ. Заң талабына сай, бірден құжаттарын реттеп алуды көздеген ол, мамандардың кәсіби біліктіліне оң баға берді.

Антон Иванов, Ресей Федерациясының азаматы:

Қазір уақытша тіркеуге тұру үшін көші-қон қызметіне келдім. Жалпы, көңілімнен шықты. Жылдам жұмыс істейді екен. Мамандардың мәдениеті мен шеберлігіне оң баға бере аламын. 

Венгриялық Густэ болса, Астанаға жеке жұмыстарымен бағыт алыпты. Қазақстанға алғаш сапары. Тіркеуге небәрі 10-15 минут уақыт жұмсаған.

Густэ, Венгрия азаматы:

Мен Қазақстанға бір аптаға жұмыс бабымен келдім. ЭКСПО көрмесіне қатыса алмайтын болып тұрмын. Себебі уақыт тапшы, ары қарай Ресейге кету керек.

Көші-қон басқармасындағы мамандардың барлығы тыңғылықты дайындықтан өткен. Солардың бірі - аға инспектор Махаббат Қасенова. Жұмыс өтілі 7 жылдан асқан Махабаттың айтуынша, дүйсенбі мен жұма аралығында келушілердің қарасы азаймайды. 

Махаббат Қасенова, Астана ІІД көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы: 

Егер техникалық ақаулар болмай, адам саны аз болса, 15 минуттың ішінде құжатты қолға береміз. Ал егер адам саны көп болған жағдайда, арнайы уақытты тағайындаймыз. Төртте немесе бесте кел деп. Бұл кезек санын арттырып, босқа тұрмас үшін жасалады. Құжат дайын болған соң, келіп алып кете алады.

ЭКСПО алаңындағы бірыңғай қызмет көрсету орталығында инспекторлар ағымдағы жылдың  1 қаңтарынан бері қызмет атқарады. Бұл жерде тіркеу жасаумен қатар, визалық қолдау көрсету де жүргізіледі. Қазір  мұнда 8 сағаттық жұмыс кестесі. Қажеттілік артса, 2 ауысыммен тәулік бойы келішулерді қабылдау көзделген. Негізгі тіркеуге келгендердің дені Германия, Қытай, Канададан. Әр қарай басқа елдер де кете береді. Тәуліктік қызмет көрсету жүйесі енгізілсе де, қызметкерлердің құқығы толықтай сақталған,-дейді басқарма басшысы. Ал дайындық бір жүйеге қойылып, қонақтарды қабылдауға дайын.

Айбек ҚОСАН