$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Қызылжарда сауда үйі мен бірнеше пәтер өртенді

10.01.2025ж. 20:00
79
Қызылжарда сауда үйі мен бірнеше пәтер өртенді

Қызылжарда сауда үйі өртенді. Нысан тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Оттың қатты болғаны сонша, жалын бесінші қабатқа дейін жеткен. Салдарынан бірнеше пәтер отқа оранды. Тілсіз жаудың шығуына не себеп? Баспанасыз қалғандар қайда бармақ? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтады. 

Өрт Рахат сауда үйіндегі әмбебап дүкенінен таңғы сағат бестер шамасында шыққан. Төтенше жағдай мамандары келіп жеткенге дейін ішіндегі 10 сауда бутигі отқа оранып, жалын екінші-үшінші қабаттағы пәтерлерге тарай бастаған. Өрт сөндірушілер отты тек екі жарым сағаттан кейін бірақ толық ауыздықтады. Айта кету керек, бұл әмбебап дүкені былтыр ғана тексеріске ілігіп, сала мамандары нысаннан бірқатар олқылықтарды анықтаған.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тілсіз жаудан зардап шеккен адам жоқ. Өрттің жалпы ауданы 200 шаршы метр. Сауда үйі түгел өртенді. Алдын ала болжам бойынша өрт сымдардың тұйықталуынан шыққан. Қазір оны зерттеп жатырмыз. Жалпы, біз былтыр бұл әмбебап дүкенін тексеріп, ол жерде 16 кемшілікті байқадық. Кейін дүкен иесі олқылықтарды жойғаны жөнінде есеп берді.

Инна Логинова төтенше жағдай мамандары таңғы сағат төрттен кете оятқан. Екі қаршадай баласымен шұғыл түрде жиналған отанасы тек құжатын алып үлгерген. Өрттен жапа шеккен отбасы қазір туысқандарын паналауға мәжбүр екенін айтады.

ИННА ЛОГИНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Күйеуім жұмыста, мен екі баламен үйде болдым. Құтқарушылар есікті тарсылдатып, 5 минутта жиналыңдар деді. Үйіміздің өртеніп жатқанын сырттан бақылап тұрдық. Әлгінде пәтердің ішіне кіріп көрдім. Сау-тамтығы қалмаған. Енді не істерімізді білмейміз.

Барлығы 7 пәтер өртенген. Кейбірінің сау жері қалмаса, енді бірінің тек терезелері ғана күйген. Барлығы 30-ға жуық адам далада қалды. Әкімдік оларға уақытша пана ретінде жатақахана бөлмелерін ұсынып отыр.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз жатақхананың бірнеше бөлмесін дайындап қойдық. Бірақ әзірге онда ешкім келген жоқ. Барлық тұрғындар туысқандарына орналасты, кейбірі пәтер жалдауды таңдады. Қазір тұрғын үй инспекциясының мамандары жұртқа өщ көмектерін ұсынып жатыр. Яғни, біз өртке оранған пәтерлерді тазалауға атсалыспақпыз.

Тілсіз жаудан жапа шеккендердің шығыны есептелуде. Ал оны өртке кінәлі тараптан сот арқылы өндіріп алу көзделуде.