Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

ШҚО-да волейболдан әйелдер арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр

AstanaTV
26.05.2017ж. 20:00
3409
ШҚО-да волейболдан әйелдер арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр

Шығыс Қазақстанда әйелдер арасында волейболдан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Әзірге жерлестеріміз алғашқы жеңісін қанжығаға байлады. «Алтай» командасы қытайлық «Тайвань пауэрді» тізе бүктірді. Байрақты бәсекеге Филиппин, Қытай, Вьетнам мен Тайбэй елдерінің командалары қатысып жатыр.

Чемпионаттың салтанатты ашылуы алдында Қазақстанның тарихы, спорт саласындағы жетістіктері мен жеңістері туралы 3D форматында шоу көрсетілді.

Чемпионатқа 8 команда қатысуда. Арасында жас командалар мен мықтылары да бар. Мәселен, Иран командасы былтыр құрылғанына қарамастан, чемпион атанып үлгірді. Ал жапон құрамасының байрақты бәсекелерге қатысып жүргеніне 70 жылға жуықтаған. Бұл жолғы сында Қазақстан намысын республикалық чемпионаттың жеңімпазы, өскемендік «Алтай» волейбол клубы қорғап жатыр.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ауқымды шараны өткізуге сенім білдіргені үшін волейболдан Азия конфедерациясына алғыс айтамын. fair play қағидатына негізделген жарыста бақ сынағандар арасынан нағыз мықтының жеңіске жетеріне сенімдімін. Бұл ел спорты үшін үлкен мереке. Спортшыларға сәттілік тілеймін.

Арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты кезінде команда капитандары мен бапкерлері чемпионаттың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Алаңның сапасына көңілі толған волейболшылар өздеріне қошемет көрсеткен жанкүйерлер мен ақпарат құралдарына алғыс білдірді. Ойын алдында «Астана» телеарнасына сұхбат берген «Алтайдың» жаттықтырушысы Ярослав Антонов командасы жеңіске жетеріне сенімді екенін жетізді.

Ярослав Антонов, «Алтай» волейбол клубының бас жаттықтырушысы:

Туған жеріңде өткен жарыс айрықша дем береді. Жанкүйерлер бізді қолдап, демеп жатыр. Қарсыластардың бәрі мықты. Әсіресе жапондар мен қытайлар қауіпті. Бірақ біз де осал емеспіз. Бүкіл команданың қалай жаттыққанын көріп шықтым. Бәрі тыңғылықты дайындалған.

Жарыстың алғашқы күніндегі ойын аса тартысты өтті. Қорытынды бесінші сетте ойын 2: 2 есебімен аяқталды. Бірақ табандылық танытқан Қазақстан құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жетті.