Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстанда бір адвокатқа 3900 адамнан келеді

AstanaTV
29.05.2017ж. 20:00
2245
Қазақстанда бір адвокатқа 3900 адамнан келеді

Үкімет адвокаттарды белгілі бір мөлшерде халыққа тегін қызмет көрсетуге үгіттеп отыр. Мәжілісте өткен "Үкімет сағатында" Әділет министрі "ProBono" жүйесін ұсынды.  Америкада 19-ғасырда пайда болған қызмет. Заңгерлер жағдайы жоқ азаматтарға тегін көмектеседі. Ал Қазақстанда адвокаттар тапшы көрінеді. Бір құқық қорғаушыға 3900 адамнан келеді. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

Елде кәсіби адвокаттар тапшы. Италияда бір адвокатқа -260, Германия мен Англияда 500 адамнан келсе, бізде - 3900. Сәйкесінше, қызметі де удай. Бір жағынан коллегияға өтіп, адвокат атану қымбат тұрады, дейді. Сондықтан Әділет министрлігі мүшелік жарнаны азайтуды ұсынды. Бүгінде ол 1 млн теңгеден асады.

Кәсіп қолжетімді болу үшін Әділет министрілгі мен Республикалық адвокаттар коллегисы бастапқы жарнаны 100 АЕК, яғни 226,900 теңге, тағылымдаманы айына 5 АЕК, 11345 теңгеге түсіруді қарастырып жатыр.

Дегенмен, Коллегия төрағасы бұған қарсы. Түскен қаражат кеңсе жалдаудан әрі аспайды дейді. Одан да, адвокаттарға техниканың соңғы жетістіктерін қолдануға рұқсат беруді өтінді. Әйтпесе, сот залдарына телефон, диктофон, ноутбук алып кіруге тыйым салынған. Адвокаттар әлі күнге дейін қаламсап пен қағазын "арқалап" жүр.

Әнуар Түгел, Қазақстан адвокаттар одағының төрағасы:

Адвокатарды сотқа кіргізбейді. Кіре берісте тексереді, тінтеді. Аудио, видео техниканы тәркілейді. Біз сандық-ақпараттық ғасырда өмір сүреміз. Адвокат компьютерсіз қалай жұмыс істейді?

Ал нотариустарға талап күшейтілмек. Бұрын-соңды екі жыл еңбек өтілі бар заңгер нотариалды кеңсе ашуға құқылы болса, енді тәжірибесі бес жылдан асуы керек. Әділет министрі бұл қызмет түрі тимсіз, болашақта тіпті қажетсіз болып қалуы мүмкін дейді.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

Нотариустарға деген құрметіме қарамастан, уақыт осыған әкеледі. Қазір видеоға түсіру, нотаруис шақырғаннан әлдеқайда арзан. Азаматтық құқықтық қарым-қатынаста техника көп қолданыла бастайды. Бұл - бір. Екіншіден, бизнес пен мемлекет арасындағы құжатайналым қысқарып жатыр.

Бүгін Мәжіліс "сотына" шақырылған министрден гөрі, депутаттар коллегия төрағасын батыл тергеуге алды.

Ал "ProBono", яғни жағдайы төмен жандарға тегін заңгерлік көмек көрсетуді депутаттар қолдайды.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ