$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Алматыда бір ұялы телефонға 6-8 вирустан келеді - ҚР интернет-қауымдастығы

AstanaTV
29.05.2017ж. 20:00
2806
Алматыда бір ұялы телефонға 6-8 вирустан келеді - ҚР интернет-қауымдастығы

Сарапшылар WannaCry вирусын кім жасағанын анықтады. Америкалық Flashpoint компаниясы мамандарының дерегінше, бұл зиянкес бағдарлама қытай тілінде жазылған. WannaCry вирусын қытайлық хакерлер жасауы мүмкін. Өйткені троянды жасаған маман қытай тілінде сөйлейтіні мәлім болды. Демек, оның Гонконг әлде оңтүстік Қытайдың, тіпті Сингапур мен Тайвань тұрғыны болуы ықтимал. Бірақ вирустың қарқыны бәсеңдер емес. 12-мамырдан бері WannaCry әлемнің 150 еліндегі жүздеген мың қолданушыға шабуыл жасапты. Келген шығын 1 миллиард доллардан асып түсті.

Стивен Мердок, Лондондағы университеттік колледждің киберқауіпсіздік ісінің сарапшысы:

Бұл вирус компьютерден компьютерге пошта арқылы емес, желі арқылы таралды. Сондықтан оның таралу қарқыны анағұрлым жылдам. Қазір магнитті-резонансты томографтар мен өзге де медициналық құрылғылар Windows XP жүйесін қолданады. Демек, бұл қондырғыларға да қауіп төніп тұр.

Бұл вирус Қазақстанды да айналып өтпеді. Мәселен, WannaCry еліміздегі 100 мыңнан астам дербес есептеу машиналарын бүлдіріпті.

Абырой болғанда, мемлекеттік мекемелер дін аман. Бірақ қуануға әлі ерте, - дейді қазақстандық интернет-қауымдастықтың президенті Шафкат Сабиров.

Шафкат Сабиров, Қазақстан интернет-қауымдастығының президенті:

Касперский зертханасы анықтағандай, Алматыдағы бір ғана телефонға 6-8 вирустан, ал астаналықтарға 4-5 вирустан келеді. Егер мені вирус мазаламаса, онда маған арналған вирус басқа біреуді әбігерге салғаны. Егер Қазақстанға мұндай шабуыл жасалмаса, бұл еліміздің қорғанысы тым мықты екендігін білдірмейді. Өйткені біз оларға тартымды емеспіз. Егер ауқатты болсақ, олар бізді де біраз састырар еді.

Мамандар, кесірлі вирустың кесепатынан сақ болуы үшін, күдікті сілтемелерді ашпау керек дейді. Мұндайда жеке мәліметтердің қолды болуы мүмкін.