$529.7 €545.96 ₽5.17
×

Арабтар Жамбыл облысында жел станциясын салады

15.01.2025ж. 20:00
61
Арабтар Жамбыл облысында жел станциясын салады

Арабтар Жамбыл облысында жел станциясын салмақ. Жоба 2028 жылы аяқталады деп жоспарланған. Мемлекет басшысының қабылдауында болған Masdar компаниясы бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахи жел турбиналарының өндірісіне жергілікті өнімдерді қолданатынын жеткізді. Абу-Дабиге жұмыс сапарының екінші күнінде Президент бірқатар инвесторлармен кездесті. 

Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясы салынады. Ірі жобаға 1,4 миллиард доллар инвестиция тартылған. Құрылысты Masdar компаниясы жүргізеді. Мемлекет басшысының қабылдауында болған компанияның бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахи жел турбиналарының өндірісіне жергілікті өнімдерді қолдануға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ADNOC компаниясының қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салмин екі елдің ұлттық мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара ықпалдастықтың перспективаларына тоқталды.

АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Кездесуде бірлескен халықаралық жобалар талқыланды. Мұнай-газбен қатар геологиялық барлау ісіндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қарастырылды.

Көлік инфрақұрылымы мен тасымал дәліздерін дамыту еліміздің орнықты экономикалық өсімін қамтамасыз етуде және халықаралық сауданы жандандыруда ерекше рөл атқарады. Abu Dhabi Ports Group бас директорын қабылдаған Мемлекет басшысы осылай деді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективасын талқылап, көлік-логистика саласында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесін қарастырды.

НҰРЛАН ЖАҚЫПОВ, "САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА" ҰЛТТЫҚ ӘЛ-АУҚАТ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

ҚТЖ-мен Солтүстік-Оңтүстік дәліз және Мидл коридор жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Яғни, жүк тасымалы транзитінің потенциялын арттырып жатырмыз.

Жасанды интеллект- экономиканы түбегейлі өзгерте алатын қозғаушы күш. Бүгінде елімізде бұл саланы ілгерілету үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. Жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен кездескен Мемлекет басшысы инфрақұрылым мен адам капиталын дамытуға баса мән беріліп отырғанын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Институционалдық құрылым аясында Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады. Оған өзім жетекшілік жасаймын. Бұл кеңес әлемдік деңгейдегі сарапшылармен диалог жүргізіп, пікір алмасатын стратегиялық алаңға айналады. ЖИ саласындағы ұлттық саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында оның жұмысына инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлер кеңінен тартылады.

Елімізде озық технологиялар орталығы құрылған. Орталық әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді. Мемлекет басшысы еліміз жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің белсенді мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді.

Президент сондай-ақ, Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кездесті. Мемлекетаралық ынтымақтастықты жоғары деңгейде сақтау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелониді Астанаға ресми сапармен келуге шақырды.