$530.12 €546.08 ₽5.17
×

Жыл сайын 40 мыңға жуық адам аты жаман ауруға шалдығады

Жыл сайын 40 мыңға жуық адам аты жаман ауруға шалдығады

Елімізде қатерлі ісікке шалдыққан 220 мыңға жуық адам есепке алынған. Жыл сайын 40 мыңға жуық адам аты жаман ауруға шалдығады. Уақыт өткен сайын сырқаттың көбейгені көңіл құлазытқанымен, қазір өлім-жітім саны азайған. Көрсеткіш 2,8 пайызға төмендеді. Бұған елімізде онконауқастардың тегін емделуі септігін тигізіп тұр. 

Астаналық Бағила Жамбылқызы 1 жыл бұрын өзінде қатерлі ісік бар екенін білген. Дәрігерлер науқастың сырқатын скрининг барысында анықтаған. 50-ден енді асқан елордалық денсаулығында кінәрат бар екенін білгенде аспан айналып жерге түскендей болды, дейді.

БАҒИЛА ЖАМБЫЛҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сырқатқа шалдыққанымды алғаш естігенде қорқыныш болды. Осымен бәрі бітті деп ойладым. Алайда сол уақытта жақындарымның, туған-туыс, дос-әріптестердің қолдауы көп көмегін тигізді. Дәрігерлердің емімен қатар жылы сөздері мені өмірге қайта әкелді. Оларға алғысым шексіз.

Қазір Бағила Жамбылқызы ем-домның соңғы сатысын қабылдап жатыр. Ол барлық емшараны тегін алған. Жалпы елімізде обыр сырқатын емдеу ақысыз жүргізіледі.

ҚАРҚЫН ӨМІРСЕРІК, РАДИАЦИЯЛЫҚ ОНКОЛОГ:

Бірінші кезекті біз Қазақстанның барлық жерінен келген азаматтарды тегін консультация пошта арқылы және осы жерге келіп консультация қабылдайды. Содан кейін біз ол науқастарға сәулелі терапия қажет болса, уақытын және қажетті графикке қойғаннан кейін емге қабылдаймыз. Сәулелі терапия осы жерде толық тегін болады.

Елімізде 10 жылдан бері аты жаман ауруға шалдыққандарға психологтар көмек көрсетеді. Науқастар емді бастамас бұрын маманның көмегіне жүгінеді. Алайда бас тартатындар да бар.

ӘЙГЕРІМ КЕҢЕСОВА, ПСИХОЛОГ:

Ем барысы адамның өзіне байланысты екенін түсіндіреміз. Яғни, мақсат қоямыз алға қарай. Бұл ауру емделетінін түсіндіреміз. Бұл өмірінің ақтығы емес, әріқарай да өмір бар екенін түсіндіреміз. Сол бағытта жұмыс жасалады. Біздің орталықта тек пациенттерге емес, пациенттердің туыстарына да көмек көрсетіледі.

Дәрігер науқастың тәніне ем жүргізсе, психолог оның жан жарасын жазуға көмектеседі. Олар емнен кейін де түрлі жаттығулар жасатып, адамның қалыпқа түсуіне атсалысады.