Алматыда құрылыс мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер үшін зертхана ашылды. Инновациялық лак шығаратын неміс зауыты мен Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы колледжі бірігіп іске қосқан бұл зертхана болашақ мамандарға заманауи құрылғылармен тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Зертхана қажетті құралдармен жабдықталған. Студенттер құрылыс материалдарын қолдану әдістерін меңгеріп, өздерінің кәсіби дағдыларын жетілдіре алады.
ЕРАСЫЛ МАМЫРБЕКОВ, КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:
Президентіміз айтқандай 2025 жыл жұмысшы мамандықтарының жылы деп атады. Сол себепті біз соған үлесімізді қосып жатырмыз. KAIZER бізге қажет жабдықтардың барлығын қойып берді. Сол жабдықтарды қолдана отырып балалардың құзыреттілігін көтереміз.
Мақсат– құрылыс саласындағы болашақ мамандарды заманауи технологиялармен жұмыс істеуге дағдыландыру. Қазір колледжде 2300-ден астам студент білім алуда. Жаңадан ашылған лаборатория 600 студентке білім беру мүмкіндігін ұсынады. Алдағы уақытта оның ауқымын кеңейту жоспарланып отыр.
ЕЛЕНА БАКАРАСОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жастар - бұл біздің болашағымыз. Сондықтан жастарға дұрыс тәлім тәрбие беру маңызды. Бұл студенттердің қызығушылығын арттырып, үлкен дүниелер үйренуге көмектеседі деген сеніміміз мол.