Былтыр жол апатынан трассаларда 2600-ге жуық адам қаза тапты. Бұл- өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Зардап шеккендердің арасында жолда апатқа ұшыраған такси жолаушылары да бар. Алайда олар бойынша жеке статистика жоқ. Такси қызметі тым қолжетімді болып кеткен. Кім көрінген платформаға тіркеліп, жолаушы тасымалдауға мүмкіндік алады. Депутаттар жолаушылар тасымалы қауіпсіздігі мәселелерін шешуді кейінге қалдыруға болмайды деп дабыл қағуда.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Заман дамыған сайын діттеген жерге жету аса бір қиындықты тудырмайды. Мәселен, халық арасында танымал такси агрегаторының қосымшасы арқылы кез-келген қалаға алып баратын жүргізушіні әп-сәтте тауып алуыңызға болады. Таксистердің өзі маркетингті жақсы меңгеріп алған сияқты. «Тез айдаймын, жаңа көлік, салоны тап-таза» деген сияқты түрлі жарнамадан көз сүрінеді. Бұл жерде баға да әртүрлі. Мәселен, Астанадан Қарағандыға жету құны орта есеппен 5000 теңге төлейсіз. Әдетте, алдыңғы орын 1000 теңгеге қымбат болады.
Иә, такси жүргізушілер тапсырыс түссе, аспанға, айға, қыр менен сайға да жеткізіп салуға әзірміз дейді. Ақшасын төлесеңіз болды. Ербол Сығаев 10 жылдан бері осы салада жүр. Зейнеткер Астана-Аршалы бағытында жолаушы тасымалдайды. Тәжірибелі жүргізуші осы уақыт ішінде талай рет боранның құрсауында қалып кеткен кездер болғанын айтады.
ЕРБОЛ СЫҒАЕВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІ:
Жақында ғана болды Аршалы мен екі ортаның жолы жабылып, 6-7 сағат тұрып қалдық. Ашылғаннан кейін сопровождениемен бардық. Біз келгеннен кейін жабылып тұр ғой жол, көрмейсіз бе, қалаға келгеннен кейін. Күтіп тұрамыз.
Жол апаты, әсіресе, қыс мезгілінде көбейеді. Ұшақ билетінің бағасы аспандап тұр. Ал пойызға тез арада билет табу – мұң. Амал жоқ, асығыс шаруасы бар азаматтар тәуекелге бел буып, шалғай қалаларға таксимен шығуға мәжбүр. Жолаушылардың такси жүргізушілеріне тағар міні де аз емес.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Боранда қалып қойғанбыз. Біле тұра шықтық қой, просто бару керек болды. Самолет, билет бәрі қымбат болады, или болмай қалады. Амал жоқ, шығып кетесің.
- Арасында болады тез жүретіндері, тез айдайтындары.
-Телефонды алмай қояды, заказ беріп, келем деген адамдар келмей қалады. Сондай жағдайлар болады
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева қолданыстағы заңнама талаптарының орындалуын қадағалау керек дейді.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жыл сайын бір ірі агрегатор шамамен 25 млн сапарды өңдейді. Сонымен қатар, көптеген платформа тек жүргізушілер мен жолаушыларға арналған «Хабарландыру тақтасы» ретінде әрекет етеді. Нарықта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұмыс істейтін тасымалдаушылар бар. Мұндай қызметтер мүлдем бақыланбайды.
Биыл Әлеуметтік кодекс аясында автомобиль көлігі туралы заңға такси қызметі ережелерін өзгертетін түзетулер күшіне енді. Енді жеке тұлғалар әкімдікке такси тасымалдау жөніндегі қызмет ұсынатыны туралы хабарлама береді.
ЖӘДІГЕР ТІЛЕГЕН, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Заңнамамен бәрі көзделген. Рейс алдындағы медициналық байқау, рейс алдындағы автомобильдің техникалық байқауы, жұмыс режимін сақтау. Тәулігіне 9 сағаттан артық болмауы тиіс. Уақтылы істен шыққанда автокөлікті ауыстыруы тиіс.
Айта кету керек, елімізде рөлі оң жақта орналасқан көлік жүргізушілеріне жолаушы тасымалдауға тыйым салынады.