$520.91 €544.25 ₽5.29
×

"Алтын тек байларға қолжетімді болмауы керек" , - тұрғын

21.01.2025ж. 20:00
94
"Алтын тек байларға қолжетімді болмауы керек" , - тұрғын

Елімізде алтын тапшылығы байқала бастады. Сарапшылардың айтуынша банктерге алтын құймалары аз жеткізіліп, сатылым деңгейі төмендеген. Оларды қолжетімді бағада алу тіпті мүмкін емес. Бұған не себеп? Кесірі қандай болуы мүмкін? Тілшіміз жауап іздеп көрді. 

Алтын құймалары жиі сатылмайтын болды. Саудаланып жатқандарының салмағы да, бағасы да халық үшін зілдей ауыр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қазір адамдар капиталы мен мүлкін сақтау үшін алтын алады. Өйткені қымбатшылық күн өткен сайын төбеден төніп келеді. Сол үшін алтын тек байларға қолжетімді болмауы керек.
- Байлар ғана алмау керек қой бұны, любой адам алу керек.
- Аламыз ғой, олай көп қып, өйтіп көп алтынмен неғылмаймыз ғой енді.

Алтын құймалары салмағына қарай 5 түрге бөлінеді. Өткен жылы 10 граммдығы жоғары сұранысқа ие болған. 100 және 5 грамм құймалар да үлкен үлесте саудаланса, 20 мен 50 граммдық алтынға сұраныс аса көп емес.

Қаржы саласындағы сарапшылар соңғы жылдарда алтын құймасы салмағы жөнінен 3,3 есе, саны жөнінен 25 мың бірлікке аз сатылғанын айтты. Экономист Сапарбай Жұбаев бұның үлкен мәселе емес екенін айтты.

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Көпшілік адамдар жаңағы 5-10 граммдығын ақша керек болса сатып жібере салады, сөйтіп айналым боп тұрады. Меніңше қазір ешкім сатпай қойған болса керек да. Қазір бізде 45 млрд долларлық қорымыз бар, соның 23 млрд-ы жаңағы валюта да, 22 млрд-ы алтында. 22 млрд долларлық алтынымыз бар. Оны халыққа сату үшін мәселен ертең осы нәрсені бір тез шешейік дейтін болса бүтін банктердің бәрін сол құймаларға толтырып тастауы мүмкін.

Жыл басындағы мәлімет бойынша Ұлттық банк Екінші деңгейлі банктер мен банкке жатпайтын айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 6,8 тонна құйма сатқан. Баға түрлі фактор бойынша белгіленеді.

ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ:

Өлшенген құймалардың құны Лондонның бағалы металдар нарығына қатысушылар қауымдастығы бір троя унциясы үшін белгілеген АҚШ долларындағы алтынның таңертеңгі фиксингіне және теңгенің АҚШ долларына ресми бағамына байланысты болады. Өлшенген құймалардың бағасы күн сайын өзгеруі мүмкін. Бұл ретте екінші деңгейлі банктер және банкке жатпайтын айырбастау пунктері өлшенген құймалардың бағаларын өздері белгілейді.

Соңғы 3 аптада 1 грамм алтынның құны 2000 теңгеге қымбаттап, 46 134 теңге болды. Қазақстан алтын қорын көбейткен алдыңғы 10 елдің қатарында тұрғандықтан сауда айналымында кедергілердің жиілеуі қуанарлық жайт деуге келмейді.

2024 ЖЫЛ

10 ГРАММ - 51958 ДАНА - 24%

100 ГРАММ - 47794 ДАНА - 22%

5 ГРАММ - 47584 ДАНА - 22%

20 ГРАММ - 38603 ДАНА - 18%

50 ГРАММ - 29555 ДАНА - 14%