$527.58 €546.15 ₽5.29
×

"Командалардың әр тиын үшін есеп беретін күні тууы тиіс", - Нартай Сәрсенғалиев

AstanaTV
22.01.2025ж. 13:45
102
"Командалардың әр тиын үшін есеп беретін күні тууы тиіс", - Нартай Сәрсенғалиев

«Барыс» хоккей клубы кейінгі 6 жылда мемлекеттен 49 млрд теңге алған, «Астана» футбол клубы соңғы 6 жылда 50 млрд теңге алған. Осы сынды командалардың әр тиын үшін есеп беретін күні тууы тиіс. Осынша ақша алғанына қарамастан аталған командалардың өз инфрақұрылымдары жоқ, салмаған. Бір ғана «Астана» футбол клубы алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған. Осындай деректі депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліс отырысында айтты.

Спорт саласындағы салақтық туралы сауал жолдаған Нартай Сәрсенғалиев қазынаның қаржысын қолды қылғаны болмаса басқаға қауқары жетпеген спорт клубтарын тізіп берді.

«2023 жылы «Ақтөбе» футбол клубы 1,8 млрд теңге қаржы алса, 2024 жылы 3,6 млрд теңгеге қаржыландырылған. «Астана» футбол клубының 2023 жылы алған қаржысы 5,2 млрд теңге болса, 2024 жылы 5,3 млрд теңгеге жеткен. «Жеңіс» футбол клубы 2023 жылы 500 млн теңге алса, 2024 жылы 1,5 млрд теңгеге қаржыландырылған. «Ордабасы» футбол клубының алған қаржысы 2023 жылы 5,6 млрд теңге, 2024 жылы 5,3 млрд теңге болған. Жалпы 2024 жылы Қазақстандағы 13 футбол клубын қаржыландыруға 27,3 млрд теңге жұмсалған. Бұған 2023 жылдың өзінде «Спорт қорынан» 6 млрд теңге алған «Астана» велокомандасымен, 1,3 млрд теңге алған «Астана» баскетбол клубын қосыңыз. Осы тұста кей спорттық ұжымдар жауапкершіліктен сытылу үшін қаржыны бюджеттен емес, квазимемлекеттік сектордан алдық деген ақпарат айтады», - деді ол.

Депутат айтқандай, Қазақстан спорт саласын қаржыландыруда алдына жан салмаса да спортта ауыз толтырып айтарлық жетістікке жете алмай келеді. Депутат оның себебі неде екенін айтты.

«Соңғы 6 жылда Қазақстандағы спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге жұмсалды. Ол ол ма, бюджеттен биылға және алдағы екі жылға тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған. Басқасына бас қатырмаса да Қазақстан кәсіби спортқа ақша құюдан алдына қара салмай тұр, Орта Азия елдерін озғаны аздай, Канада, Норвегия, Нидерланд та біздің шашпалыққа жете алар емес. Бірақ әлемдік спорт рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалды. Мұның басты бір себебі, спорт түрлерінің сараланбауы. Мәселен, жоғары жетістіктер спорты ретінде қаржыландырылатын бағыттардың 60%-ы – олимпиадалық емес. Бірақ олар бюджеттен ауқымды ақша алып келеді. Мәжілісте қаралып жатқан «Спорт туралы» заң жобасында біз осы олқылықты тоқтату үшін, жоғары жетістіктер спортының нақты анықтамасын жазып, бекіттік. Яки, енді жоғары жетістіктер спортына – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Параазия және ұлттық спорт түрлері ғана енеді. Бұл бүгінге дейін тіркеліп кеткен 180-нен астам спорт түрін 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Нартай Сәрсенғалиев бюджеттің бүйірін теспей сорып үйренгендер енді депутаттардың заңды реттеуіне кедергі келтіріп, ақпараттық шабуыл ұйымдастырып жатқанын атады.

«Осы тұста олар мемлекет спортқа ақша бөлуді тоқтатып саланы тұралатып тастамақ деген жалған айыптаулар таратумен әлек. Біз тек жемсауы асауды білгенмен спорттық жетістік жасауды білмейтін салаларға бүгінге дейін бөлініп келген есепсіз ақшаның жолын кесуді мақсат тұттық. Кей спорттық ұжымдар жауапкершіліктен сытылу үшін қаржыны бюджеттен емес, квазимемлекеттік сектордан алдық деген ақпарат айтады. Спортқа бөлінетін қаражатты шектеу туралы шешімнің дұрыс екенін, ал бүгін байбалам салғандардың түпкі мүддесі не екенін анық аңғаруға болады. Осынша ақшаның біраз бөлігі легионерлерді ұстауға жұмсалатынын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді. Мұны тоқтату үшін Мәжілісте Қазақстан Республикасының азаматы боп саналмай спортшыларды мемлекеттік бюджет есебінен де, квазимемлекеттік бюджет есебінен де қаржыландыруға тыйым салынады деген норма қабылданды. Сәйкесінше бұл миллиардтар алып үйренген клубтардың тәбетін тоқтатауы тиіс. Шетелдік спортшыны әкелуден бөлек, оларға азаматтық беру ісі де елде белең алды. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 126 шетелдік спортшыға азаматтық берген, бірақ олардың әрбір екіншісі кейін өз еліне қайтып кеткен. Бұл мәселені мемлекет басшысы да қатаң сынға алған болатын», - деді депутат.

Ол Мәжіліс пен Туризм және спорт министрлігіне ақпараттық шабуыл жасағандардың «Спорт туралы» заң бұқаралық спорт пен балалар спортын қаражатсыз қалдырады» деген ақпарат таратуға көшкенін айтады.

«Бұл да жалған. Қазақстан жоғары жетістіктер спортына 340 млрд теңге жұмсаса, бұқаралық спортқа 35 млрд теңге ғана жұмсаған, яки 9 есе аз. Сондықтан қазір Мәжілістегі спорт туралы заң жобасында бюджет қаражатының нақты қай бағытқа жұмсалатыны жазылған, сол нормада бұқаралық спорт бірінші боп тұр. Бұдан бөлек кей федерациялардың заң жобасы енді спорт түрлерін шектейді дегені де шындыққа жанаспайды. Себебі заң жобасында 1 федерацияда 1 спорт түрі ғана болады деп жазылды, бұл бір жүйені қалыптастыру үшін керек. Себебі кей федерациялардың құрамына 5-10 спорт түрі тіркеліп кеткен», - деді ол.

Мәжіліс депутаты Мәдениет және ақпарат министрлігінен жалған ақпарат таратып елді дүрліктірген ақпарат құралдары мен интернет қолданушыларға тиісті шара қолдануды сұрады. Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігіне заң жобасына қатысты түсіндіру жұмыстарын көбейтуі қажет екенін айтты.