$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оралда даулы көше тұрғындарға қайтарылды

AstanaTV
01.06.2017ж. 20:00
2625
Оралда даулы көше тұрғындарға қайтарылды

Орал қаласы 8 март көшесінің тұрғындары ұзаққа созылған дауда жеңіске жетті. Азаматтардың арызын қараған апелляциялық сот "жекенің меншігіне өтіп кеткен көшені" кері қайтарды. Ал ортақ қолданыстағы жер телімін жекеменшікке беру туралы әкімдік қаулысын заңсыз деп тапты.

Бұған дейін 8 март көшесінің тұрғындары көшенің қақ ортасынан мейрамхана салынатынына наразылығын білдірген еді. Кейін бұл гүлзардың тиісті құжаттары жоқ екендігі мәлім болды. Өйткені 2005 жылы бұл аумақты әкімдік ортақ қолданыстан алып тастап, жекеменшікке берген. Прокуратура дерегінше, бұл жер Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына беріліпті. Арада 12 жыл өтсе де, бұл жерге ештеңе салынбаған. Көшенің жылдар бойы бос тұрғанын алға тартқан тұрғындар сотқа шағымданғанымен, алғашқы сотта жеңіліп қалған еді. Енді әділдік үстем болды деп қуанып отыр.

Эльмира Есенғалиева, БҚО сотының баспасөз хатшысы:

Азаматтық істер жөніндегі БҚО апелляциялық соты Орал қаласы прокуроры мен 8 март көшесі тұрғындарының апелляциялық арызын қарап, істі соттың жаңа қарауына берді. Енді бұл іс басқа құрамда қаралады. Осылайша тұрғындар мен прокурордың шағымы толығымен қанағаттандырылды.

Светлана Хангереева, Орал қаласының тұрғыны:

Әкімнің қаулысының күшін жою туралы өтінішіміз толықтай қанағаттандырылды. Біз бұл шешімге ризамыз. Бұл шешімді прокуратура да қолдап, қазір бұл іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бөліміне берілді.