$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Таразда қос спортшы қоныс тойын тойлады

AstanaTV
01.06.2017ж. 20:00
3466
Таразда қос спортшы қоныс тойын тойлады

Спорт саңлақтары баспаналы болды. Таразда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллина бүгін қоныс тойын тойлады. Байрақты бәсекеде ел абыройын асырған қос дүлділге пәтер кілттерін Тараз әкімі табыстады. Олардың қуанышына жақындары мен жора-жолдастары, сондай-ақ, жас спортшылар ортақтасты.

Рүстем Дәулет, Тараз қаласының әкімі:

Үкіметіміздің тапсырмасымен Зульфия Габидуллинаға 3 бөлмелі және Елдос Сметовке 2 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырып отырмыз. Осы спортшыларымызға жасалынып отырған қамқорлық, артта келе жатқан жас спортшыларымызға, әрине, олардың үмітін оятып, олардың талабын шыңдайды.

Спортшылардың пәтерлері жаңа ауданнан салынған сәулетті 3 қабатты, 15 пәтерлі үйден беріліп отыр. Айта кетейік, Елдос Сметов былтыр Риода өткен Олимпиадада дзю-додан Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салған болатын. Ал, Зульфия Габидуллина 15-ші жазғы Паралимпиада ойындарында еркін жүзуден әлем рекордын жаңартып, ел тарихында тұңғыш рет Паралимпиада чемпионы атанған еді.

Елдос Сметов, Рио олимпиадасының жүлдегері:

Бұл енді біз үшін өте үлкен қуаныш. Үлкен жетістік. Еліміздің жетістігі деп білемін, тек қана біздің ғана жетістік, тек біздің ғана еңбек емес. Сондықтан да осындай спортшылар көп болсын. Елімізде жеңісті күндер көп болсын!

Зульфия Габидуллина, ХV жазғы паралимпиада ойындарының жеңімпазы:

Бүгін қуаныштан жүзім бал-бұл жанып, көзіме жас келді. Өйткені бұл жаттығу залында талай рет қиналып, талай рет тер төккен кезімнің ақталған сәті. Әрине, жалғыз менің жеңісім деу артық болар. Жаттықтырушыларыма да алғыс айтам. Менің қуанып тұрған тағы бір себебім, еліміздің абыройы Елдоспен көрші болатын болдым.