Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Астанада өткен өнерлі жастардың шеруіне 4000-нан астам адам қатысты

AstanaTV
01.06.2017ж. 20:00
3112
Астанада өткен өнерлі жастардың шеруіне 4000-нан астам адам қатысты

Бүгін  1-ші маусым - Халықаралық балалар күніне арналған маңызды шара еліміздің әр бөлігінде бір уақытта басталды. Балалар мен жастардың ансамбльдері мен оркестрлерінің шеруі Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Айбек Қосан баяндайды.

Айбек Қосан, тілші:

Ұйымдастырушылардың есебі бойынша, бүгінгі шараға қатысып жатқан талантты әрі талапты жастардың саны 4000-нан асады. Әкімшілік алдынан басталған  мәдени шеру Абай көшесі арқылы Республика даңғылына түсті. Сондай-ақ, Бейбітшілік көшесін басып өтіп, алаңға қайта оралды. Жолдың жабылғанына қала тұрғындары өкпелей қоймады. Керісінше, бұл бастамаға оң баға беріп жатыр. 

Сағит Иманғазинов, қала тұрғыны:

Бүгін балалар күні болғандықтан, осы үлкен мереке қатысып отырмыз. Бұл шара балалар үшін маңызды деп ойлаймын. Себебі, балаларды құрметтесек, балаларға жағдай жасасақ, бұл үкіметтің, Елбасының жасап отырған саясаты. Әрине, ыңғайсыздықтар тууы мүмкін. Жол кептелісі сияқты. Бірақ оның барлығы бүгінгі мерекемен салыстырғанда түк емес деп ойлаймын.

Шеруге қарап балалардың дайындығы жоғары екеніне көзің жетеді. Киім үлгілерінен бастап, аспапта ойнауларына дейін жинақы әрі сырт көзге әсерлі көрінеді. Алғашқы рет өткен шараға қатысып жатқандардың бірі - Шағала Шалқар.

Шағала Шалқар,  №39 орта мектептің оқушысы: 

Бізге жарты жыл кетті. Қаңтар айынан бастап ойнай бастадық барабанда. Ұнап жатыр. Көп адам. Толқып тұрмын. Өзіммен бірге 90-дай қыз қатысып жатыр. Негізі бойға қарады. Ритмды ұстай аламыз ба? Соны тексерді. Кастингтен өттік.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шарада қауіпсіздік мәселесі де басты назарда болды. Шерудің жүріп өтетін жолы бекітіліп, парад көлік жүргізушілеріне ыңғайсыздық тудырмау үшін, бұл хабар алдын ала таратылған. 

Гүлшат Исинова, Астана қаласы білім басқармасының бас маманы: 

Бұл шара - ғаламат бастамалардың бірі. Барша қазақстанда өтіп жатыр. Барлық шығармашылық ұйымдар мен мектептер қамтылды. Қауіпсіздік шаралары бірінші орында болды. Шерудің жүріп өтер жолын алдын ала Астана қалалық ішкі істер департаментімен мақұлданды. Барлығы бұл бастаманы қуанышпен қарсы алды.

Айбек Қосан, тілші:

Бұл іс-шараның мақсаты - жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру, балалар мен жастардың орындаушылық шығармашылығын қолдау мен дамыту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сәтті өткен шеру алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналмақ.

Айбек ҚОСАН