Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шахандағы апатқа қатысты қылмыстық іс аяқталды

AstanaTV
05.06.2017ж. 20:00
2051
Шахандағы апатқа қатысты қылмыстық іс аяқталды

Қарағанды облысы Шахан кентіндегі апатқа қатысты 5 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Атышулы істі тергеу аяқталып, материал жақын арада сотқа жөнелтіледі. 9 адамның өліміне соқтырған оқиғаға кінәлі ретінде кент әкімі мен оның  орынбасары, сондай-ақ бірнеше маман айыпталып отыр. Бұл туралы «Астана» телеарнасына облыстық прокуратура өкілі хабарлады.

Ғабиден Жиенбаев, Қарағанды облыстық прокуратурасының арнайы прокуроры: 

Бұл азаматтар ҚК-тің 370-інші, яғни «Қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша айыпталды. Олар жылыту қазандығының дұрыс қолданылмағанына, әрі құрылыс ережелерінің бұзылғанына көз жұма қарап, еш шара қолданбаған.

Прокурордың айтуынша, шенеуніктердің ешқайсы кінәсын мойындамаған. Олардың қылмысы дәлелденсе, 4-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Іс бойынша жапа шегуші ретінде 11 адам арызданған.

Еске салсақ, жыл басында Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің жертөлесінде қазандық жарылып, салдарынан үйдің бір подъезі құлады, 9 адам қаза тапты. Оның үшеуі бала. 4 отбасының пәтері тұруға жарамсыз болып шықса, тағы 10 баспана жартылай зақымданған. Сол күні жертөледе пеш жаққан адам оқиға орнынан ізін суытқан еді.  3 ай бойы іздеуде болған оның өлі денесі Саран қаласы маңынан табылған.