Негізгі / Жаңалықтар / «Нұр Отанның» көмегімен көп балалы отбасы баспаналы болды

«Нұр Отанның» көмегімен көп балалы отбасы баспаналы болды

Батыс Қазақстан облысында көпбалалы отбасы "Нұр Отан" партиясының көмегімен баспаналы болды.  Жеті бала өсіріп отырған Ғұбашевтар отбасы  бірнеше жылдан бері бұрынғы кеңсенің шағын екі бөлмесін паналап келген. Баспанасын кеңейтуге отағасы мен оның жұбайы, «Алтын алқа» иегері Гүлдәуреннің мүмкіндігі болмайды. Кейін Дастанның әкесі Қайырғали Ғұбашев партияның қоғамдық қабылдауына жүгінеді. Осылайша "Нұр Отанның" араласуымен облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаев отбасыға үйі орналасқан ғимараттан қосымша 3 бөлме сатып алып берді. Қазір бес бөлмелі үйде тұратын отбасы қуанышын айтып тауыса алар емес.

Қайырғали Ғұбашев, Орал қаласының тұрғыны:

Үш жұманың ішінде балама үй алып беріп, қуанып қалдық. Бірақ мынадай болады деп, жылдам бітеді деп мен де ойламағам. «Нұр Отанға» көп-көп рахметімді айтам.

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келетіндер қатары жыл санап көбейіп келеді. Тұрғындардан түсетін өтініштер негізінен баспана мен жер телімін алу және еңбек даулары екен.

Гауһар Шайхыниязова, «Нұр Отан» партиясы БҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

Партияның облыстық және аудандық филиалдарына 1667 адам өз өтініш-шағымдарымен келді. Былтырғы жылмен салыстырғанда, бұл 63 пайызға өскені көрінеді. Бұл халықтың «Нұр Отан» партиясына деген сенімі жылдан-жылға нығайып келе жатқанын көрсетеді.