$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алакөлде талапқа сай келмейтін демалыс орындары жұмыс істемейтін болады - ШҚО әкімі

AstanaTV
06.06.2017ж. 20:00
3883
Алакөлде талапқа сай келмейтін демалыс орындары жұмыс істемейтін болады - ШҚО әкімі

Алакөл Қазақстанның бетке ұстар туристік орындарының біріне айналуы тиіс. Демалыс орындарының басшыларымен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді. Бұл орын талапқа сай болуы үшін облыстық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлініпті. Ал салықтың құны небәрі 24 миллионды құрайды. Бұдан былай, «бара көреміз» деген көзқарас жарамайды,- деп ескертті әкім. Толығырақ Айбек Қосанның материалында. 

Биылғы демалыс маусымында Алакөлдің жағасына келемін деушілер саны 450 мыңнан асады. Биыл жазда көл жағасын таңдайтын туристерді бірқатар тосын сый күтіп тұр. Мұнда Арбат пайда болып, 350 ағаш отырғызылған саябақ қолданысқа берілген. Сондай-ақ, сапаржай салынып, 200 көлікке тұрақ қарастырылыпты. Жол төселіп, қауіпсіздік үшін 80 бейнебақылау құрылғысы орнатылған. 

Мыңдаған адам биыл осында келеді. Қыруар қаржы бөліп жатырмыз.

Алайда демалыс орындарының кейбірі қонақтарды қабылдай алмауы мүмкін. 147 нысанның тек 20-сы қолданысқа берілген. Ресми тіркелгені 47, оның тек 19-ы ғана өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап береді. Жағалаудан санитарлық талапқа сай келмейтін тамақтану орталықтары алынып тасталған. Демалыс орындарының маусымға дайындығын айқындайтын құжаттары болуы шарт.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қызылордадан Шымкенттен келгендер ойлайды ғой, мына Шығыс Қазақстанның жігіттері не істеп жүр деп, сонан соң Ресейден, басқа шет елден келгендер де осы жерге бірінші келеді.

Демалыс орындарының басшылары салынған айыппұлдардың ақ-қарасын анықтап беруді сұрады. Электрмен жабдықтау мәселесін көтеріп, құтқарушылардың құрамын күшейту маңызды десті.

Біз маусымға дайындалып жатырмыз. Ал бізге айыппұл салады. Әлі дайындығы аяқталмаған нысанның иесі қалайша жауапкершілікке тартылады? 

Алакөлдің шипалы суы жайлы қазақстандықтармен қатар, шетелдіктер де жақсы біледі. Сондықтан қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары жалғасады. Арнайы комиссия 20 маусымға дейін проблемалық сұрақтарды шешумен айналысады. Тексеру барысында жолдар мен жағалауға жақын нысандардың мәселесі қайта қаралады,- дейді облыс әкімі. Туристерден түсетін қаражат есебінен жағажай абаттандырылатын болады.

Айбек ҚОСАН