Ақтауда сержант сарбаздарды темекі тұқылын жеуге мәжбүр етті деген күдікке ілінген. Осы оқиғадан кейін олардың бірі тамақтан уланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
Ақтаудағы 25744 әскери бөлімінің 3-санатты сержанты, 42 жастағы взвод командирі осы іс бойынша айыпталды. Оның соты Ақтөбе гарнизонының әскери сотында өтті. Айыптау мәліметіне сүйенсек, медициналық рота аумағын тазарту кезінде сержант жерден темекі тұқылдарын тапқан. Ол қатардағы екі сарбазды шақырып, оларға осы темекі тұқылдарын жеуге бұйрық берген. Сарбаздар оның заңсыз бұйрығына бағынып, темекі тұқылын жеген, ал біраз уақыттан кейін олардың бірі медициналық пунктте тамақтан уланғанына шағымданған.
Мәліметке сүйенсек, бір күннен кейін жатын бөлмесіндегі тәртіпсіздікті ұнатпаған сержант тағы да сол екі сарбазды шақырып алып, олардың біреуін бірнеше рет тепкілеген.
Сотта билікті асыра пайдаланды деген айыпталушы кінәні мойындамаған. Сержант ешкімді темекі тұқылын жеуге мәжбүрлемегенін, ұрмағанын, тек тәртіпсіздік үшін қатардағы сарбаздарға ескерту жасағанын мәлімдеген. Ол өз тарапынан куәгерлер болғанын жеткізді.
Сотта жауап алынған кезде соққыға жығылған сарбаз сержант өзін темекі тұқылын жеуге мәжбүр етіп, ұрды деген айыпты қолдады. Ол әкесіне көгерген жерлері көрінетін суреттер жіберіп, көмек сұрағанын жеткізді. Сарбаз айыпталушыны кешірмеді, оны заң бойынша жазалауды өтінді.
Бірақ екінші жәбірленуші сотталушыға ешқандай шағымы жоқ екенін айтты, ол досы соққыға жығылғанын көрмегенін, темекі тұқылына қатысты оқиға болмағанын, бар болғаны бәліштен уланғанын мәлімдеді.
Сот айыпталушының билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәсі толық дәлелденгенін анықтап, оның 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ сот сотталушыны жаза мерзімі біткенше жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартуға міндеттеді.