$495.28 €538.32 ₽5.77
×

"Мектепте оқушыларға есірткі қосылған тәтті берілген", - тұрғын

07.02.2025ж. 20:00
232
"Мектепте оқушыларға есірткі қосылған тәтті берілген", - тұрғын

Мектепте оқушыларға есірткі қосылған тәтті берілген. Қорқынышты ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Мұны айтқан азамат ата-аналарды барынша сақ болуға шақырған. Ол құлпынай қосылған кәмпиттің құрамында наша бар дейді. Нақты кристалды метамфетамин қосылғанына сенімді. Бұл қаншалықты рас? Балалар құқығын таптаған кім? Толығырақ келесі сюжетте.

Әлеуметтік желіде «хит» болған сурет – осы. Сыртына қарасаң кәдімгі кәмпиттен айырмашылығы жоқ. Тәбетті ашып, таңдайға салғың-ақ келеді. Атауы - құлпынай квик екен. Бірақ ішіне есірткі қосылғанын естігенде шошыдық. Ішкі істер министрлігіне «не сұмдық?» деп хабарласып едік, жалған ақпарат екенін айтты.

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Бұл шындыққа жанаспайды. Қоғамда дүрбелең немесе басқа да жағымсыз салдарды тудыруы мүмкін көрінеу жалған ақпарат тарату - қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын есте ұстау қажет. Хабарламаларды таратпастан бұрын барлығын мұқият тексеріп алған жөн. Ата-аналарға балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды екенін еске саламыз.

Қазір дәл осындай қисынға келмейтін, жалған ақапараттар жиі тарайтын болды. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарап, тұрғындар арасында дүрбелең туады. Оның үстіне ,бірінен естігенді, екіншіге жеткізу адамның табиғатына тән. Осыдан 10 жыл бұрын «ақыр заман» келе екен деп, шам жинап, қам жасадық. Одан аман-есен шықтық дегеніміз сол еді, короновирус келіп, тағы үркітті. Пандемия кезінде жалған ақпараттар легі, тіпті, өршіді. Әлеуметтік желіде деректер дәлелсіз таратылды. Ұшақпен ауа арқылы вирус шашады, чип салады, тағысын тағы...

АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Бұндай адамдарда понофобия бар деп айта аламыз. Понофобия – адам өз қиялынан түрлі қорқынышты оқиғаларды ойлап тауып жатады.

Жалған хабарлама таратып, сотталғандардың 55 проценті қылмыс жасаған сәтте қатты мас болған. Фейкке жаны құмарлардың 88%-ы жұмыссыз. Ал 2% жуығы – оқушы. «Әзілқойлардың» орташа жасы – 30-49 аралығында.

НҰРЛАН ЖАНАБАЕВ, АДВОКАТ:

ҚР Заңнамаларына сәйкес бізде Қылмыстық кодекс бар. Қылмыстық кодекстің ішінде 374-бабында жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Оған қоса, ҚР әкімшілік кодексіне сәйкес 456-бабында 2-тармағында бәрі көрсетілген.

Алаяқтардың қулығына құрық бармайды. Кез-келген жерде жалған ақпарат таратып жіберуі мүмкін. Мәселен, Жетісу облысында сотталушы түрмеде отырып фейк таратқан. Бұған дейін аса ауыр қылмысы үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған азамат 112, 103 және 102 шұғыл қызметтеріне қоңырау шалып, №25 орта мектепте және автовокзалда жарылғыш заттар қойылғанын айтқан. Бұл нысандарды эвакуациялау және тексеру барысында жарылғыш заттар табылмапты. Сот оған қатысты шешім шығарды.