$502.83 €545.37 ₽5.95
×

Ақтөбе облысында бөгет жарылғаны үшін 75 жастағы компания директоры сотталды

AstanaTV
08.02.2025ж. 21:40
440
Ақтөбе облысында бөгет жарылғаны үшін 75 жастағы компания директоры сотталды

Ақтөбе облыстық соты Мағажан су қоймасы бөгетінің жарылуына қатысты іс бойынша 75 жастағы ер адамға үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Былтыр көктемде Хромтау ауданында үш ауылды су басты. Екі жүзден астам тұрғын эвакуацияланды. Сондай-ақ Елек және Қарғалы өзендерінің маңындағы бау-бақша шаруашылықтары да су астында қалды. Келтірілген шығын 211 миллион теңгеге бағаланып, оның 200-ден астамы бөгетті қалпына келтіруге жұмсалған. Балық өсіру үшін 2014 жылы жеке серіктестікке сенімгерлік басқаруға берілген.

Су қоймасын сенімгерлік басқаруға алған жеке компанияның директоры екі жарым жылға шартты түрде сотталды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жауапкер бөгеттегі су деңгейінің көтерілуі туралы уәкілетті органдарға ақпараттық хаттар жолдаған. Алайда оның өзі суды азайту үшін ешқандай шара қолданбады.

Салдарынан бөгет жарылып, Табантал, Қызылту, Бесқоспа ауылдарын су басып, азаматтардың мүлкі мен инфрақұрылымына нұқсан келтірді.

“Хромтау аудандық сотының үкімімен сотталушы ҚК-нің 254-бабы “Міндеттеріне адал қарамау” бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге су шаруашылығы саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сондай-ақ 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ешанов.